Қазақстандағы UFC: ел одан қанша пайда таба алады
Танымал комментатор әрі ММА шолушысы Арман Абдрахманов UFC турнирінің Қазақстанда өтуі мүмкін екені туралы пікір білдірді. Оның пайымынша, мұндай шараны ұйымдастыру экономикалық тұрғыдан әбден орынды, ал оның әсері кейбір өзге ірі спорттық жарыстардан да ауқымды болуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Абдрахмановтың пікірінше, UFC турнирін өткізу Қазақстанға Олимпиада немесе Азия ойындарын ұйымдастырудан арзаныраққа түседі. Сонымен бірге америкалық промоушен халықаралық аудиторияның назарын аударып, туристер ағынын көбейте алады.
«UFC деп аталатын жобаның қымбаттығына келсек: оны Қазақстанға әкеле аламыз ба? Әрине, әкеле аламыз. Жалпы, менің ойымша, бұл басқа жобалармен салыстырғанда аса көп қаражатты қажет етпейді. Иә, Олимпиада немесе Азия ойындарын өткізуден арзанырақ екені сөзсіз. Қалай болғанда да, UFC-дің өңірде, нақтырақ айтқанда елде болуы басқа спорттық шараларға қарағанда экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Шығыны аз болмаса да, қайтарымы көбірек», - деді Арман.
Сарапшы ықтимал турнирдің медиа кеңістігіндегі ықпалына да тоқталды. Оның айтуынша, шараға деген қызығушылық әлеуметтік желілерден-ақ байқалады, әрі оны аралас жекпе-жек жанкүйерлері ғана талқылап жатқан жоқ. Абдрахманов UFC турнирлерін өткізу отандық промоушендердің дамуына да оң әсер етеді деп санайды.
«Сондықтан Қазақстанда UFC турнирінің жыл сайын, ең болмағанда бір рет өтуі осы промоушендерге зор ықпал етеді. Бұған сенімдімін, UFC турнирінің өткізілгенін екі қолдап қолдаймын», - деп түйіндеді сарапшы.
Еске сала кетейік, бұған дейін UFC турнирі Алматыда өтуі мүмкін деген ақпарат тараған еді. Болжамды күн ретінде 2027 жылғы 1 мамыр аталды. Алайда промоушен бұл ақпаратты әзірге ресми растаған жоқ. Сонымен қатар Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов промоушенмен келіссөздер шынымен жүргізіліп жатқанын жоққа шығармады.