Жәнібек промоутерлік саудадан кейін Ширазға сес көрсетті
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы британдық Хамза Ширазбен екінші орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жекке қатысты промоутерлік сауда нәтижесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық боксшы Instagram парақшасында британдықтың бұл жағдайдан құрғақ шықпайтынын ашық мәлімдеді: ол не Жәнібекпен жекпе-жекке шығуы керек, не белбеуден бас тартуы тиіс:
«Оған екі күн берілді. Не шешетінін көрейік! Жекпе-жекке шықса — шығады, шықпаса — белбеуден бас тартады!» — деді Жәнібек.
Еске салайық, жекпе-жекті Queensberry промоутерлік компаниясы ұйымдастырады. Ол сауда-саттық барысында Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Боб Арумның Top Rank компаниясына қарағанда тиімдірек ұсыныс жасады.
Шираздың өкілдері жекпе-жек үшін миллион доллардан сәл астам қаржы ұсынады. Бұл сома жекпе-жектің жүлде қорын құрайды: Ширазға — 75% (751 мың доллар), ал Әлімханұлына — 25% (250 мың доллар).
Алайда сауда-саттықтың өткізілуі жекпе-жектің міндетті түрде өтетінін білдірмейді: британдық бұған дейін гонорар көңілінен шықпаса, белбеуден бас тартуға дайын екенін мәлімдеген.
