Рамос Нұрсұлтановпен жекпе-жек алдында ауруханаға жатқызылды
WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос кіші 19 қыркүйекке жоспарланған қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы жекпе-жегін өткізе алмады. Америкалық боксшы тамақтан уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жекпе-жек АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтуі керек еді. Алайда Рамос салмақ өлшеуге дайындық барысында денсаулығына қатысты мәселеге тап болды. Журналист Дэн Рафаэльдің мәліметінше, америкалық боксшы түнде ауруханаға жеткізіліп, таңертең үйіне шығарылған.
Дереккөздердің мәліметінше, Рамоста тамақтан улану белгілері байқалған. Осыған байланысты Нұрсұлтановпен жекпе-жек тоқтатылып, кейінірек мерзімге ауыстырылды.
Еске салайық, Мейірім Нұрсұлтанов соңғы жекпе-жегін 2023 жылы өткізген. Ұзақ уақыт шаршы алаңға шықпағанына қарамастан, қазақстандық боксшы WBC рейтингінде орта салмақтағы бірінші орнын сақтап қалды.
Бұған дейін бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов бауыры Мейірім Нұрсұлтановтың америкалық Хесус Рамос кішіге қарсы жекпе-жегі тоқтатылғаннан кейінгі алдағы жоспарлары туралы айтып берді.