ҚБФ Богданова мен Сабырханның Азия ойындарындағы жартылай финалдық жекпе-жектерінен кейін наразылық білдірді
Қазақстан бокс федерациясы (ҚБФ) Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы Наталья Богданова мен Махмұд Сабырханның жартылай финалдық жекпе-жектерінде қабылданған төрешілер шешімдерімен келіспейтінін білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлем чемпиондары атанған қазақстандық қос боксшы да төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Богданова Үндістан өкілі Ловлина Боргохайннан жеңілсе, 55 келіге дейінгі салмақтағы Сабырхан филиппиндік Карло Пааламға есе жіберді.
ҚБФ бұл жекпе-жектердің нәтижелеріне шағым түсіруге ниетті екенін мәлімдеді.
«Қазақстан бокс федерациясы Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарындағы жартылай финалдық жекпе-жектердің нәтижелерімен келіспейді:
75 келі: Наталья Богданова – Лавлина Боргохайн (Үндістан);
55 келі: Махмұд Сабырхан – Карло Паалам (Филиппин);
Төрешілер шешімімен келіспеген Қазақстан бокс федерациясы WORLD BOXING ұйымына наразылық білдірді», – делінген ҚБФ мәлімдемесінде.

Осылайша, 2026 жылғы Азия ойындарының бокс турнирінде Қазақстан намысын қорғаған 11 спортшының екеуі – Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан – финалға жолдама алды.