«Бейжай қарай алмаймын». Головкин не үшін World Boxing президенті болғысы келетіндігін түсіндірді
Геннадий Головкин көпшілікті таңғалдырған шешімінің астарында қандай себеп жатқанын ашық айтты. Қазақстандық даңқты чемпион үшін бұл жолғы қадам жеке мансаптан гөрі әлемдік бокстың болашағы туралы мәселе екенін жасырмады.
GGG айтуынша, оның басты уайымы – олимпиадалық бокстың тағдыры.
«Бокс Олимпиада бағдарламасынан шығып қалу қаупіне тап болды. Мен бұл жағдайға қарап, қол қусырып тұра алмадым. Мәселе енді медальде емес, сен спорт үшін не істей алатыныңды уақыт өте келе түсіне бастайсың. Мен барлығын Қазақстандағы шағын залдан бастадым, барлық сатылардан өттім, жақсысын да, жаманын да көрдім. Бокс маған өмір сыйлады, бірақ жүйе бұзылғанда оның қаншалықты әлсіз болатынын да сездім. Бүгін сол тәжірибемді пайдаланып, спортты аз да болса әділеттірек еткім келеді. Қадам-қадамымен», - деді Головкин.
Еске салайық, World Boxing президентін сайлау 23 қараша күні Римде өтеді. Головкиннің негізгі қарсыласы - Грекия бокс федерациясының басшысы Мариолис Харилаос. Барлығы 125 елдің өкілдері дауыс беріп, ұйымды алдағы жылдары кім басқаратынын анықтайды.
Головкин сайлауға тек әлем чемпионы ретінде емес, World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті ретінде қатысады. Оның беделі мен спорттық жолы өздігінен бәрін әйгілейді: 45 жекпе-жек, 42 жеңіс (37 нокаутпен), 2 жеңіліс және 1 тең ойын. GGG соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде Сауль «Канело» Альвареспен күш сынасқан.