Геннадий Головкин ресми түрде World Boxing басшысы лауазымына кандидат атанды
Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокстан World Boxing федерациясының президенті лауазымына ресми кандидаттар тізіміне енгізілді.
Ұйымның жаңа президентін сайлау 23 қараша күні Римде өтетін World Boxing Конгресі аясында өтеді. Сондай-ақ, бұл шара барысында федерацияның Атқарушы комитетінің мүшелері де сайланады. Дауыс беруге бүгінгі таңда WB құрамына кіретін 125 елдің өкілдері қатысады.
World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған Халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин WB-ның жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болды.
Оның негізгі қызмет бағыты – Олимпиада ойындарының бағдарламасында боксты сақтау және World Boxing-ті Халықаралық Олимпиада комитетінде мойындату мақсатында ХОК-пен тығыз ынтымақтастық орнату.
2025 жылдың ақпанында ХОК World Boxing халықаралық федерациясын уақытша таныды, бұл ұйымға әлемдік деңгейде боксты қадағалау құқығын берді.
Кейін, наурыз айында, Халықаралық Олимпиада комитеті боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылдады.
Геннадий Головкин – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2004), әлем чемпионы (2003).
Кәсіби рингте IBF (2015–2018, 2019–2023), IBO (2011–2018, 2019–2023) және WBA (2010–2018, 2022–2023) нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. 23 жекпе-жекте қатарынан қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақта нокауттардың ең жоғары пайызы үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді.