Балкибекова Қазақстанның бокс құрамасына Азиададағы алғашқы медальді сыйлады
Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары аясындағы бокстан ширек финалдық жекпе-жектер жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балкибекова ширек финалда жарыс қожайыны елдің өкілі Юна Нишанакамен кездесті. Тартысты әрі шиеленісті жекпе-жекте қазақстандық спортшы 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Алуа Балкибекова жартылай финалға шығып, өзі мен Қазақстанның әйелдер бокс құрамасына Азия ойындарының кем дегенде қола медалін қамтамасыз етті.
Бүгін шаршы алаңға Наталья Богданова (75 келіге дейін), Махмуд Сабырхан (55 келіге дейін), Торехан Сабырхан (70 келіге дейін) және Нұрбек Оралбай да шығады.
Қазақстанның бокс құрамасы Азиадада бес өкілінен айырылды
Қазақстанның бокс құрамасы Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында 11 спортшысының бесеуінен айырылды.
Ерлер арасындағы жарыста Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін) пен Сабыржан Аққалықов (80 келіге дейін) өнер көрсетуін аяқтады. Қазақстандық қос боксшы да Оңтүстік Корея өкілдерінен жеңілді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Аида Әбикеева (65 келіге дейін) және Виктория Графеева (60 келіге дейін) жүлде үшін күресті аяқтады.
Азиададағы өнерін Айбек пен Нұрбек Оралбай, Торехан мен Махмуд Сабырхан, сондай-ақ Алуа Балкибекова мен Наталья Богданова жалғастырып жатыр.
Жапониядағы Азия ойындары 4 қазанда аяқталады.