Жібек Құламбаева Португалиядағы WTA 125 турнирінің чемпионы атанды
Қазақстандық Жібек Құламбаева Португалияның Калдаш-да-Раинья қаласында өткен WTA 125 турнирін жеңіспен аяқтады. Жұптық сында ол аустралиялық Габриэлла Да Силва-Фикпен бірге өнер көрсетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Финалда қазақстандық-аустралиялық жұп үндістандық Рутуджа Бхосале мен австралиялық Елена Мичичке қарсы шықты. Алғашқы сетте қарсыластары 6:3 есебімен басым түсті. Алайда Құламбаева мен Да Силва-Фик екінші партияда ойын барысын өзгертіп, тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6.
Чемпиондық тағдыры шешуші тай-брейкте анықталды. Мұнда Жібек пен оның серіктесі 10:7 есебімен жеңіп, турнирдің басты жүлдесіне қол жеткізді. Финал бір сағат 50 минутқа созылды.
WTA 125. Калдаш-да-Раинья. Жұптық сын. Финал
Жібек Құламбаева / Габриэлла Да Силва-Фик - Рутуджа Бхосале / Елена Мичич - 3:6, 7:6, 10:7
Құламбаева мен Да Силва-Фик финалға дейін де сенімді өнер көрсетті. Жартылай финалда олар чехиялық Габриэла Кнутсон мен германиялық Каролин Вернерді 6:1, 7:6 есебімен жеңді. Кездесу бір сағат 19 минутқа созылды.
Оған дейін қазақстандық-аустралиялық жұп словакиялық Виктория Грунчакова мен австриялық Синья Краустан екі сетте басым түсті - 6:4, 6:4.
Осылайша, Құламбаева Португалиядағы жарысты чемпиондық атақпен аяқтады. Калдаш-да-Раиньядағы турнирдің жалпы жүлде қоры 115 мың долларды құрайды.