US Open-2026 турниріндегі камбэк алдында Вуков Рыбакинаға не айтты
Елена Рыбакина үшін Чжэн Циньвэньге қарсы US Open-2026 ширек финалы оңай басталған жоқ. Қазақстандық теннисші алғашқы партияда 3:6 есебімен жеңіліп, сет аяқталғаннан кейін командасына барып, Стефано Вуковпен эмоциялық әңгіме өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кейін Рыбакина сол сәтте ішіндегі эмоциясын шығарып, қайтадан ойынға назар аудару маңызды болғанын айтты.
«Менің көңіл күйім онша болмады, алғашқы сетте де дұрыс ойнай алмадым. Оған барып, ішімде не бар - бәрін айтып, эмоциямды шығардым. Ол мені қайтадан матчқа қайтаруға тырысты, ойын алдындағы жоспарымызды және не істеу керектігін еске салды», - деді Рыбакина баспасөз мәслихатында.
Осы әңгімеден кейін Еленаның ойыны айтарлықтай өзгерді. Екінші сетте ол артқы сызыққа жақынырақ ойнап, белсендірек қимылдай бастады және бастаманы қарсыласына бермеді.
Нәтижесінде Рыбакина екінші партияны 6:1 есебімен алды. Шешуші сетте 3:4 кезінде брейк-пойнтты құтқарып, кейінгі төрт геймнің үшеуінде жеңіске жетті. Матч 3:6, 6:1, 6:4 есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына аяқталды.
Рыбакина мен Вуковтың оңай болмаған қарым-қатынасы
Рыбакина Стефано Вуковпен 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Хорватиялық маманмен бірге ол рейтингте үлкен серпіліс жасап, Уимблдон-2022 турнирінде жеңіске жетті және әлемнің үздік теннисшілері қатарына тұрақтады.
Сонымен қатар олардың ынтымақтастығы бірнеше рет талқыға түсті. 2024 жылы тараптар жұмысын тоқтатты, алайда 2025 жылдың басында Вуков қайтадан Рыбакинаның командасына оралды. Көп ұзамай WTA мінез-құлық кодексіне қатысты тергеуден кейін маманды жарыстардан шеттетті. Кейін Вуков санкцияға шағым түсіріп, турнирлерде қайта жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Рыбакина осы кезеңнің бәрінде бапкерін ашық қолдап, онымен жұмыс істеуде ешқандай проблема болмағанын бірнеше рет айтқан. Қазір Вуков қайтадан оның командасында.
Чжэнді жеңу Рыбакинаға US Open-дегі мансабындағы алғашқы жартылай финалды ғана емес, WTA рейтингінің бірінші орнына шығуға кепілдік те берді. Рейтинг жаңартылғаннан кейін ол жекелей сында әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген Қазақстанның тұңғыш өкілі атанады.
