Рыбакина US Open-ның үшінші айналымына шыққаннан кейін қанша ұпай жинады және басты қарсыластарының жағдайы қандай?
Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі жүлде үшін ғана емес, әлемдік рейтингтің бірінші сатысы үшін де күресін жалғастырып жатыр. Үшінші айналымға шыққаннан кейін қазақстандық теннисшінің жағдайы тіпті қызығырақ бола түсті: ол WTA-ның live-рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екінші айналымда Рыбакина Испания өкілі Джессика Боузас Манейроны 6:2, 6:4 есебімен жеңді. Қазақстандық теннисші турнирдегі екінші кездесуін де сет бермей аяқтады. Бірінші айналымда ол 17 жастағы америкалық Теа Фродинді 6:3, 6:2 есебімен ұтқан еді.
Осы жеңістен кейін Рыбакинаның live-рейтингтегі ұпайы 8031-ге жетті. Ол қазір бірінші орында тұр және әлемнің қазіргі бірінші ракеткасы Арина Соболенкодан 1326 ұпайға алда келеді. Беларусь теннисшісінің еншісінде әзірге 6705 ұпай бар.
Мұндай үлкен айырмашылық live-рейтингтің есептеу жүйесіне байланысты. US Open басталар алдында ресми рейтингте Соболенкода 8575, ал Рыбакинада 8141 ұпай болған. Алайда беларусь теннисшісі Нью-Йорктегі былтырғы нәтижесінен көп ұпай қорғап жатыр. Сондықтан сол ұпайлар уақытша шегеріліп, турнирде алға жылжыған сайын қайта қосылып отырады.
Сол себепті Рыбакинаның қазіргі бірінші орны оның US Open аяқталғаннан кейін ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанатынына әзірге кепілдік бермейді.
Live-рейтингте үшінші орында Джессика Пегула тұр - 6615 ұпай. Одан кейін Коко Гауфф - 6594 ұпай. Мирра Андреева бесінші орында - 5443, ал Ига Швентек тоғызыншы сатыда - 4509 ұпаймен келеді.
Қазіргі таңда Рыбакинаның негізгі қарсыластарының көрсеткіші мынадай:
• Елена Рыбакина - 8031
• Арина Соболенко - 6705
• Джессика Пегула - 6615
• Коко Гауфф - 6594
• Мирра Андреева - 5443
• Ига Швентек - 4509

Дегенмен турнир әлі жалғасып жатыр және көш басындағы теннисшілердің барлығында дерлік ұпай қорын айтарлықтай толықтыру мүмкіндігі бар. Сондықтан әр раундтан кейін рейтингтегі жағдай өзгеруі ықтимал.
Соболенко да үшінші айналымға еш қиындықсыз өтті. Екінші кезеңде ол Полина Яценконы 6:1, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Келесі айналымда беларусь теннисшісі Камилла Рахимовамен кездеседі.
Коко Гауфф та жарысты жалғастырып жатыр. Америкалық теннисші екінші айналымда Паула Бадосаны жеңіп, енді Кристина Букшамен ойнайды. Ига Швентек Надя Подоросканы ұтқаннан кейін Мари Боузковамен кездеседі. Ал Джессика Пегуланы үшінші айналымда Лейла Фернандеспен матч күтіп тұр.
Рыбакинаның келесі қарсыласы да белгілі. Қазақстандық теннисші төртінші айналымға шығу үшін украиналық Юлия Стародубцевамен кездеседі. Ол бұған дейін Мария Саккариді жарыстан шығарған.
Енді басты интрига тек US Open жүлдесімен шектелмейді. Рыбакина Нью-Йоркте бірден екі үлкен мақсат үшін күресіп жатыр: мансабында алғаш рет US Open чемпионы атану және әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілу.