Рыбакина Соболенкодан озды: қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымда қандай нәтижеге қол жеткізді
Елена Рыбакина мансабындағы ең тұрақты маусымдардың бірін өткізіп жатыр. WTA турнирлеріндегі жеңістер саны бойынша жасалған аралық есепте Қазақстан өкілі 2026 жылы барлық теннисшілер арасында екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Рыбакинаның еншісінде қазірдің өзінде 45 жеңіс бар. Бұл көрсеткіш бойынша оны тек әлемнің үшінші ракеткасы Джессика Пегула басып озған - америкалық теннисші 49 матчта жеңіске жетті. Оның 33 жеңісі хард жабындысында тіркелген.
Үшінші орында Арина Соболенко тұр - оның есебінде 44 жеңіс бар. Дәл осындай нәтижені украиналық Элина Свитолина да көрсетті. Ал үздік бестікті 43 жеңіспен Мирра Андреева түйіндейді.
WTA деңгейінде 2026 жылғы маусымда ең көп жеңіске жеткен теннисшілер:
1. Джессика Пегула - 49
2. Елена Рыбакина - 45
3. Арина Соболенко - 44
4. Элина Свитолина - 44
5. Мирра Андреева - 43
Рыбакинаның жоғары көрсеткіші тек көп матч өткізумен ғана байланысты емес. Биыл қазақстандық теннисші ірі жарыстарда тұрақты түрде соңғы кезеңдерге жетіп, бірнеше маңызды титулға қол жеткізді.
Маусымдағы басты жетістіктерінің бірі - Australian Open турниріндегі жеңіс. Мельбурндегі триумфтан кейін Рыбакина Штутгарттағы турнирде де чемпион атанды. Бұған дейін ол 2025 жылғы WTA қорытынды турнирін жеңіспен аяқтап, финалда Арина Соболенкодан басым түскен еді.
Қазір Елена US Open-2026 турниріндегі өнерін жалғастырып жатыр. Қазақстандық теннисші алғашқы үш айналымды сенімді өтіп, Нью-Йоркте әзірге бірде-бір сет жоғалтқан жоқ.
Бірінші айналымда Рыбакина америкалық Теа Фродинді 6:3, 6:2 есебімен жеңді. Одан кейін испаниялық Джессика Боусас Манейродан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті. Үшінші айналымда украиналық Юлия Стародубцеваны 7:6 (8:6), 6:3 есебімен жарыстан шығарды.
Енді Рыбакинаны турнирдегі ең күрделі сынақтардың бірі күтіп тұр. 1/8 финалда ол әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы және «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін чемпионы Наоми Осакамен кездеседі.
Қос теннисші жақында ғана - тамыз айында Торонто турнирінің ширек финалында жолыққан. Сол кезде Осака алғашқы сетті жеңгенімен, Рыбакина матч барысын өзгертіп, 4:6, 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, олардың жеке кездесулеріндегі есеп әзірге 1:0 - Рыбакинаның пайдасына.