Рыбакина бірде-бір сет бермей, US Open турнирінің 1/8 финалына шықты
Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі үшінші жеңісіне қол жеткізіп, жарыстың 1/8 финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Үшінші айналымда қазақстандық теннисші Украина өкілі Юлия Стародубцевамен кездесті. Алғашқы сет тартысты өтіп, жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Шешуші сәттерде Рыбакина дәл ойнап, партияны өз пайдасына аяқтады. Екінші сетте Елена ойын тізгінін сенімді ұстап, кездесуді жеңіспен қорытындылады - 7:6, 6:3.
US Open-2026. Әйелдер. Жекелей сын. Үшінші айналым
Елена Рыбакина (Қазақстан) - Юлия Стародубцева (Украина) - 7:6, 6:3
Кездесу 1 сағат 53 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Рыбакина 12 эйс жасап, бір қос қателікке жол берді және 13 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.
Бұл - Еленаның биылғы US Open турниріндегі үшінші жеңісі. Бірінші айналымда ол америкалық Теа Фродинді 6:3, 6:2 есебімен жеңсе, екінші кезеңде испаниялық Джессика Боусас Манейродан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.
Осылайша, Рыбакина турнирдегі алғашқы үш кездесуінде қарсыластарына бірде-бір сет берген жоқ. Сонымен қатар қазақстандық теннисші екінші жыл қатарынан US Open жарысының 1/8 финалына жетті.
Келесі кезеңде Рыбакина әлемдік рейтингте 13-орында тұрған жапониялық Наоми Осакамен кездеседі. Бұл матчтың жеңімпазы US Open турнирінің ширек финалына жолдама алады.