locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Рыбакина - Осака: US Open-2026 ширек финалы үшін матч алдында не белгілі?

Елена Рыбакина турнирде әлі бірде-бір сет жоғалтқан жоқ, ал Наоми Осака екі рет үш сетке созылған матч өткізді
Рыбакина - Осака: US Open-2026 ширек финалы үшін матч алдында не белгілі?
ФОТО: Getty images

Елена Рыбакина мен Наоми Осака US Open-2026 турнирінің 1/8 финалындағы ең қызықты кездесулердің біріне дайындалып жатыр. Турнирдің ресми сайты теннисшілердің қазіргі формасын салыстырып, ширек финал жолдамасы үшін күресте маңызды рөл атқаруы мүмкін бірнеше факторға назар аударды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қазақстандық теннисші алғашқы үш айналымды өте сенімді өткізді. Рыбакина әзірге қарсыластарына бірде-бір сет берген жоқ. Үш матчта Елена кортта жалпы 4 сағат 14 минут өткізді.

Ал Осакаға әлдеқайда көп күш жұмсауға тура келді. Жапониялық теннисші екі рет үш сетке созылған матч ойнады және Рыбакинадан 2 сағат 28 минут артық уақыт кортта болды.

Сонымен қатар қос теннисші де турнирдегі ең қуатты доп берушілердің қатарында. Биылғы US Open-де Осаканың ең жылдам добы сағатына 122 мильге, яғни шамамен 196 км/сағ-қа жетті. Рыбакинаның үздік көрсеткіші - 120 миль немесе шамамен 193 км/сағ.

Еленаның 1/8 финалға дейінгі жолы 17 жастағы америкалық Теа Фродинге қарсы матчтан басталды. Қазақстандық теннисші екі партияда да сенімді ойнап, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Екінші айналымда Рыбакина испаниялық Джессика Боусас Манейромен кездесті. Бұл жолы да Елена кездесуді созбай, 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.

Әзірге Рыбакина үшін ең қиын матч үшінші айналымдағы Юлия Стародубцеваға қарсы кездесу болды. Бірінші сет тай-брейкке дейін созылып, онда Елена 8:6 есебімен жеңді. Екінші партияда қазақстандық теннисші 6:3 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Осака турнирді Анастасия Захарованы жеңуден бастады. Екі сет те тай-брейкке дейін жетіп, шешуші сәттерде жапониялық теннисші 7:6 (8:6), 7:6 (7:3) есебімен басым болды.

Келесі айналымда Наомиге үш сет ойнауға тура келді. Катержина Синяковаға қарсы кездесуде ол алғашқы партияны сенімді алды, екінші сетте жеңілді, бірақ шешуші партияда ойын тізгінін қайта қолға алып, жарысты жалғастырды.

Үшінші айналымдағы Элизе Мертенске қарсы матч одан да ауыр болды. Осака алғашқы сетті 6:3 есебімен жеңіп, екінші партияда 3:6 есебімен есе жіберді. Шешуші сетте жапониялық теннисші қарсыласын 7:5 есебімен ұтып, 1/8 финалға жолдама алды.

Жеке кездесулер тарихы да Рыбакинаның пайдасына сөйлейді. Теннисшілер 2026 жылдың тамызында Торонто турнирінің ширек финалында кездескен. Сол кезде Осака бірінші сетті жеңіп, екінші партияда да матчты аяқтауға жақын болды. Алайда Елена кездесудің барысын өзгерте алды.

Қазақстандық теннисші екінші сеттегі тай-брейкті өз пайдасына шешіп, кейін үшінші партияда да жеңіске жетті - 4:6, 7:6 (7:5), 6:4. Сол матчта Рыбакина 15 эйс жасап, кездесу 2 сағат 33 минутқа созылды.

Елена үшін алдағы матчтың маңызы ерекше. Ол бұған дейін US Open ширек финалына ешқашан шығып көрмеген. Оның Нью-Йорктегі ең үздік нәтижесі - 1/8 финал. Сондықтан Осаканы жеңу Рыбакина үшін турнирдегі жаңа жеке рекорд болмақ.

Сонымен қатар қазақстандық теннисші WTA рейтингінің бірінші орны үшін күресін жалғастырып жатыр. Рыбакинаны жартылай финалдан екі жеңіс бөліп тұр. Дәл осы нәтиже оған турнирдің кейінгі қорытындысына қарамастан әлемнің бірінші ракеткасы атануға кепілдік береді.

Осака болса Нью-Йоркте жеңіске жетудің не екенін жақсы біледі. Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы US Open турнирін екі рет - 2018 және 2020 жылдары жеңіп алған. Жалпы оның еншісінде «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт титулы бар.

Рыбакина - Осака матчы 7 қыркүйектен 8 қыркүйекке қараған түні өтеді. Жеңімпаз биылғы US Open турнирінің үздік сегіз теннисшісінің қатарына кіріп, чемпиондық үшін күресін жалғастырады.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie