locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турнирінен бас тартуына байланысты қанша ұпай жоғалтатыны белгілі болды

Рыбакина былтырғы WTA қорытынды турниріндегі чемпиондығы үшін алған рейтингтік ұпайларын қорғай алмайды
Теннис
Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турнирінен бас тартуына байланысты қанша ұпай жоғалтатыны белгілі болды
ФОТО: Getty images

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA-2026 қорытынды турниріне қатысудан бас тартқаннан кейін 1500 рейтингтік ұпайынан айырылатын болды. Қазақстандық спортшы былтыр Сауд Арабиясында жеңіп алған чемпиондық атағын қорғауы тиіс еді. Алайда денсаулығына байланысты маусымды мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Sports24.kz.

2025 жылы Рыбакина Эр-Риядта өткен қорытынды турнирде мансабындағы ең жарқын нәтижелердің біріне қол жеткізді. Қазақстандық теннисші топтық кезеңдегі үш кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, жартылай финалдан сүрінбей өтті. Ал шешуші матчта Арина Соболенконы 6:3, 7:6 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Бес кездесудегі жеңіс Еленаға ең жоғары мөлшердегі 1500 рейтингтік ұпай әкелді. Оның 600 ұпайын топтық кезеңде жинаса, жартылай финалдағы жеңісі үшін тағы 400 ұпай алды. Ал финалда топ жарғаны үшін еншісіне қосымша 500 ұпай жазылды.

Алайда биыл Рыбакина бұл көрсеткішті қорғай алмайды. Жарыс басталмай тұрып қатысудан бас тартқандықтан, қазақстандық теннисші турнирде жаңа рейтингтік ұпай жинамайды. Ал былтырғы чемпиондығы үшін берілген 1500 ұпай WTA ережесіне сәйкес есептен шығарылады.

Соған қарамастан, мұндай көлемдегі ұпай жоғалту оның 2026 жылғы қорытынды рейтингтегі орнына әсер етпейді. Рыбакина маусым соңына дейін әлемнің бірінші ракеткасы атанатынына алдын ала кепілдік алған. Сондықтан Индиан-Уэллстегі қарсыластары қандай нәтиже көрсетсе де, қазақстандық спортшы көшбасшылық орнын сақтайды.

Еске салайық, Елена 29 қазанда Токиода өткен турнирде Юлия Путинцеваны жеңгеннен кейін 2026 жылды әлемдік рейтингтің бірінші сатысында аяқтайтынын ресми түрде қамтамасыз еткен болатын.

Биыл Рыбакина төрт турнирде чемпион атанды. Олардың қатарында Australian Open және US Open жарыстары, сондай-ақ Штутгарт пен Нинбодағы турнирлер бар.

WTA қорытынды чемпионатында қазақстандық теннисшінің орнына украиналық Марта Костюк қатысады. Ал Рыбакина енді денсаулығын қалпына келтіріп, 2027 жылғы маусымға дайындалуды жоспарлап отыр.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie