Елена Рыбакина алғаш рет US Open финалына шықты
Елена Рыбакина мансабында алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының финалына жолдама алды. Қазақстандық теннисші жартылай финалда корт иесі Коко Гауффты үш сетте жеңіп, камбэк жасады - 3:6, 6:4, 6:4, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесудің басы америкалық теннисшінің пайдасына өрбіді. Гауфф алғашқы партияны 6:3 есебімен алды. Алайда екінші сетте Рыбакина ойын тізгінін біртіндеп өз қолына алып, маңызды брейк жасап, есепті теңестірді. Шешуші партияда да Елена басымдығын сақтап, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Рыбакина үшін биылғы US Open мансабындағы ең сәтті турнирге айналды. Бұған дейін оның АҚШ ашық чемпионатындағы ең үздік нәтижесі төртінші айналым болатын. Осы жолы қазақстандық теннисші финалға дейін Тея Фродин, Джессика Боусас Манейро, Юлия Стародубцева, Наоми Осака, Чжэн Циньвэнь және Коко Гауффты жарыстан шығарды.
Ширек финалдағы Чжэн Циньвэньге қарсы кездесу ерекше маңызға ие болды. Рыбакина алғашқы сетте жеңілгенімен, матч барысын өзгертіп, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен басым түсті. Бұл жеңіс Еленаға WTA рейтингінің келесі жаңартуында әлемнің бірінші ракеткасы атануға кепілдік берді.
Финалда - Соболенко
US Open-2026 бас жүлдесі үшін Рыбакина Арина Соболенкоға қарсы ойнайды. Беларусь теннисшісі екінші жартылай финалда америкалық Джессика Пегуланы 7:5, 6:2 есебімен жеңді.
Осылайша, Рыбакинаны мансабындағы алғашқы US Open чемпиондығынан бір ғана жеңіс бөліп тұр. Қазақстандық теннисші бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирінде топ жарған: 2022 жылы ол Уимблдон чемпионы атанды.