Чараева Бейжіңде Рыбакинаны тоқтатты: сенсациялық матчтың бейнешолуы
Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Бейжіңдегі WTA 1000 турниріндегі алғашқы кездесуінен кейін-ақ жарысты аяқтады. Екінші айналымда қазақстандық теннисші WTA рейтингінде 118-орында тұрған Армения өкілі Алина Чараеваға 6:3, 4:6, 3:6 есебімен жол берді, деп хабарлайды Sports24.kz. Кездесу 2 сағат 11 минутқа созылды.
Рыбакина үшін бұл матч ерекше болды. Ол Бейжіңде алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде кортқа шықты әрі турнирдің бірінші нөмірлі теннисшісі саналды. Бұған дейін Елена US Open-2026 жарысында жеңіске жетіп, WTA рейтингінің көшіне көтерілген еді.
Кездесудің басы қазақстандық теннисші үшін сәтті өрбіді. Рыбакина ойынға тез кірісіп, қарсыласына өз қарқынын ұсынды және алғашқы сетті 6:3 есебімен жеңіп алды.
Алайда екінші партияда матчтың барысы өзгерді. Чараева өз сервисінде сенімдірек ойнап, ұзақ розыгрыштарда Рыбакинаны жиі қателесуге мәжбүрледі. Армениялық теннисші екінші сетті 6:4 есебімен алып, кездесуді шешуші партияға жеткізді.
Үшінші сет те Чараеваның пайдасына аяқталды. Ол қабылдауда өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, мансабындағы ең ірі жеңістерінің біріне қол жеткізді - 6:3.
Кездесу статистикасы да матчтың қаншалықты тартысты өткенін көрсетті. Рыбакина үш эйс орындап, жеті қос қате жіберді. Чараеваның еншісінде алты эйс пен төрт қос қате бар. Елена алты брейк-пойнттың төртеуін пайдаланса, қарсыласы сегіздің бесеуін жүзеге асырды. Жалпы ұпай саны бойынша да айырмашылық аз болды - 88:83 Чараеваның пайдасына.
24 жастағы Чараева үшін бұл жеңіс тарихи нәтиже болды. WTA рейтингі 1975 жылдан бері жүргізіле бастағалы ол топ-100 қатарына кірмей тұрып, әлемнің бірінші ракеткасын жеңген санаулы теннисшілердің біріне айналды. Сонымен қатар ол алғашқы сетте жеңіліп тұрып, әлемнің №1 теннисшісін жеңген ең төмен рейтингтегі спортшы атанды.
Рыбакина үшін де бұл нәтиже WTA тарихындағы сирек жағдайлардың біріне айналды. Бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасы атанғаннан кейінгі алғашқы матчында жеңілген бір ғана теннисші болған. Енді бұл тізімге қазақстандық спортшы да қосылды.
WTA деңгейіндегі негізгі турнирлерде небәрі 17-матчын өткізген Чараева China Open жарысының үшінші айналымына шықты. Оның келесі қарсыласы Ұлыбритания өкілі Сонай Картал болады.
Ал Рыбакина үшін Бейжіңдегі турнир бір матчтан кейін аяқталды. Қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесіндегі алғашқы кездесуін жеңісті сетпен бастағанымен, 118-орындағы қарсыласының камбэгінен кейін жарыстан шығып қалды.
Назарларыңызға Елена Рыбакина - Алина Чараева матчының видео-шолуын ұсынамыз: