Қазақстандық «Аю» Бакиров IBA Nomad чемпионы ресейлік қарсыласына техникалық нокаутпен есе жіберді
Қазақстандық ауыр салмақтағы боксшы Бекжан «Аю» Бакиров IBA Nomad лигасының ауыр салмақтағы чемпионы, ресейлік Мұрат Халидовпен реванш өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен IBA Nomad 16 турнирінің басты жекпе-жегінде Халидов пен Бакиров чемпиондық титул үшін реванш өткізді.
Бірінші раундта Бакиров дәл соққыларымен көзге түскенімен, екінші раундта физикалық тұрғыда бәсеңдеп, көп соққы өткізіп алды да, үшінші раундқа шығудан бас тартты. Осылайша ресейлік Мұрат Халидов техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, IBA Nomad лигасының ауыр салмақтағы чемпионы атағын сәтті қорғады.
Бір жыл бұрын Қазақстанның Алматы қаласында өткен IBA Nomad 13 турниріндегі алғашқы жекпе-жекте де жеңіс Халидовтың еншісінде кеткен еді.
Сол жеңілістен кейін «Аю» қатарынан үш айқын жеңіске жетті. Ал Халидов жалаң жұдырық және кәсіпқой бокс ережелері бойынша төрт жекпе-жек өткізіп үлгерді. Ол алдымен IBA Pro чемпионы атанып, кейін нокаутпен жеңіліп, лига титулынан айырылды.