locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Бұл мен үшін күтпеген жағдай»: Рыбакина US Open турнирінің ширек финалына шығуына таңғалды

Қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының үздік сегіздігіне енді
ФОТО: Getty Images

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингінде 13-орында тұрған жапониялық Наоми Осаканы US Open-2026 турнирінің 1/8 финалында жеңгеннен кейін өз ойынымен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Кездесу қазақстандық теннисшінің 6:1, 6:4 есебіндегі сенімді жеңісімен аяқталды. Осылайша Рыбакина алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының ширек финалына шықты.

«Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген жағдай. Бүгін мен шынымен жақсы ойнадым. Менің тарапымнан доптың өте жақсы ұшқанын сезіндім. Кейбір эпизодтарда жолым болды. Наоми — қиын қарсылас. Есеп қандай болғанына қарамастан, әр допқа барынша назар аударуым керектігін білдім. Ол да өте агрессивті ойнайды. Бүгінгі ойыныма көңілім толады», — деді Рыбакина матчтан кейін.

Турнирдің ширек финалында қазақстандық теннисші Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен кездеседі.

Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін

Елена Рыбакина US Open-2026 қорытындысы бойынша мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілу мүмкіндігін сақтап отыр.

Турнир басталар алдында Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) рейтингтегі жағдайға қатысты есеп-қисабын жариялаған болатын. Оған сәйкес, қазақстандық теннисші басқа қатысушылардың нәтижесіне қарамастан, бірінші орынға көтерілу үшін турнирдің жартылай финалына шығуы жеткілікті.

Сонымен қатар ширек финалда жеңіліп қалса да, Рыбакинаның бірінші орынға шығу мүмкіндігі сақталады. Бұл жағдайда оған US Open турнирінде қазіргі әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе америкалық Джессика Пегула мен Коко Гауффтың бірінің чемпион атануы кедергі келтіруі мүмкін. Үшеуі де ширек финалға жолдама алды.

Егер Рыбакина WTA рейтингінің көшін бастаса, ол Қазақстан тарихында әлемдік теннис рейтингінде бірінші орынға көтерілген алғашқы өкіл атанады.

Арсен Алиев
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie