Азияда Елена Рыбакинаның тарихи жетістігіне үн қатты
Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін әлі ресми түрде алған жоқ, алайда оның тарихи жетістігі халықаралық деңгейде қызу талқыланып жатыр. Азия теннис федерациясының президенті Юрий Польский қазақстандық спортшыны WTA рейтингінің шыңына шығуымен құттықтады, деп хабарлайды Sports24.kz ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Федерация Рыбакинаның жетістігі бір ғана Қазақстан үшін емес, бүкіл Азия теннисі үшін маңызды екенін атап өтті. Рейтинг жаңартылғаннан кейін Елена әлемдік классификацияның бірінші орнына көтерілген Қазақстан мен Орталық Азияның тұңғыш теннисшісі атанады.
«Азиядан шыққан жаңа әлемнің бірінші ракеткасының жетістігін атап өтіп жатырмыз. Азия теннис федерациясының атынан Елена Рыбакинаны осы тарихи нәтижесімен құттықтаймын. Ол Қазақстан мен Орталық Азиядан әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген алғашқы теннисші атанады. Бұл - Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Азия теннисі үшін үлкен жеңіс», - деді Польский.
Федерация басшысы Рыбакинаның жетістігі жас спортшыларға үлкен серпін беретінін де атап өтті. Оның пікірінше, Еленаның жүріп өткен жолы Азиядағы жаңа буынға әлемдік теннистің ең биік деңгейіне жетуге болатынын көрсетеді.
«Бұл жетістік Азиядағы жас теннисшілер үшін үлкен үлгі болады деп сенеміз. Бүгінде мыңдаған жас спортшы кортқа шығып, бір күні осындай биікке жетуді армандайды. Еленаның жеңісі - мақтаныш қана емес, келесі буын үшін үлкен мотивация», - деп қосты ол.
Азия теннис федерациясы Рыбакинаның болашақ №1 мәртебесін Қазақстанның ғана емес, тұтас құрлықтың жетістігі ретінде бағалап отыр. Ұйым қазақстандық теннисшінің үлгісі аймақтағы спорттың дамуына және тенниске қызығатын жастар санының артуына ықпал етеді деп есептейді.
Рыбакина US Open-2026 турнирінің ширек финалында Чжэн Циньвэньді жеңгеннен кейін WTA рейтингіндегі бірінші орнына шығатынына кепілдік берді. Қазақстандық теннисші алғашқы сетте 3:6 есебімен жеңілгенімен, кейінгі екі партияны 6:1, 6:4 есебімен өз пайдасына аяқтап, мансабында алғаш рет US Open жартылай финалына жолдама алды.
Жаңартылған WTA рейтингі 14 қыркүйекте жарияланады. Сол күні Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанып, жекелей сында әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген Қазақстанның тұңғыш өкілі болады.