Қазақтың емес, қалтаның чемпионы ма? Бубликке ауыр сын айтылды
Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов Instagram парақшасында теннисшінің әрекетін қатты сынға алып, ұлттық құраманың намысын қорғаудан бас тартқанын жазды.
Оның айтуынша, Бублик Денвис кубогынан жарақатқа сілтеме жасап бас тартқанымен, артынша коммерциялық турнирлерде жарақатсыз өнер көрсетіп жүрген.
«Саша бүгін әлемдік рейтингте 202-орында тұрған теннисшіден жеңіліп, ел алдында масқара болды. Көк тудың қадірін түсінбеген адам халықтың қарғысына қалады. Былтыр Рыбакина дәл осылай қателескен еді, енді соны Бублик қайталап отыр», — деп жазды Қаженов.
Осы тұста журналист Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясына да үндеу жасады. Оның айтуынша, шетелден келген спортшылар ұлттық мүдде үшін емес, тек өз пайдасы үшін ойнайды. Сондықтан федерация «жалдамалы ойыншыларға» емес, жергілікті қаракөз спортшыларға басымдық беруі тиіс.
Бұл сын Пекинде (Шанхай) өтіп жатқан ATP Masters турнирінен кейін күшейе түсті. Бублик жарыстың екінші айналымында әлемдік рейтингте 202-орында тұрған Монако өкілі Валантен Вашеродан сенсациялық түрде жеңіліп қалды.
Сонымен қатар, Қазақстанның бірінші ракеткасы 13-19 қазан күндері Алматыда өтетін Almaty Open турнирінен бас тартты. Қазақстан теннис федерациясының ресми мәліметінше, Бублик бұл шешімді Ханчжоудағы финалда алған жарақатына байланысты қабылдаған. Сол жарақат оған толық күшпен ойнауға мүмкіндік бермейді екен.