locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Александр Бублик Almaty Open турнирі мен Зангар Нұрланұлы туралы айтты

Александр Бублик Қазақстанды екінші үйім деп атап, Almaty Open қарсаңында Заңғар Нұрланұлы туралы пікір білдірді
Александр Бублик Almaty Open турнирі мен Зангар Нұрланұлы туралы айтты
ФОТО: KTF

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик елімізге деген ерекше ықыласы, Almaty Open ATP 250 турнирінің өзі үшін маңызы және жас қазақстандық теннисші Зангар Нұрланұлымен жұптық сында өнер көрсетуі туралы айтып берді.

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Бублик қазақстандық жанкүйерлердің алдында өнер көрсетудің өзі үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Теннисшінің айтуынша, өз еліндегі турнирге қатысу тек чемпиондық атақ үшін күресу ғана емес, сонымен қатар мансабы бойы қолдау көрсетіп келе жатқан жанкүйерлерге алғыс білдірудің мүмкіндігі.

«Бұл - ATP турнирі, сондықтан оны қалайда жеңуге тырысасың. Бірақ сені жанкүйерлер ерекше жақсы көріп, асыға күтетін елге келгенде, сен де оларға бір нәрсе қайтаруға міндеттісің. Біз теннисті адамдар үшін ойнаймыз. Сондықтан балалар, федерация және жанкүйерлер үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сол себепті Алматыға ертерек келдім. Түні бойы ұшып, осында жеттім», – деді Бублик.

Қазақстандық теннисші елге келген уақытын жанкүйерлермен, әсіресе жас спортшылармен кездесуге барынша арнауға тырысатынын айтты. Оның бағдарламасында шеберлік сабақтары, балаларға арналған іс-шаралар, қолтаңба беру сессиялары және БАҚ өкілдерімен кездесулер бар.

«Мен мұнда жиі келе бермейтінімді түсінемін. Сондықтан адамдарға тек ақпараттық іс-шаралар арқылы ғана емес, ресми теннис матчтарын да, бұйырса, бірнеше матч көрсеткім келеді. Сол үшін алғашқы күндері мүмкіндігінше көп іс-шараға қатысуға тырысамын: шеберлік сабақтары, балалар күндері, қолтаңба беру сессиялары, баспасөз мәслихаттары. Ал турнир басталардан бірнеше күн бұрын мұның бәрін тоқтатып, толықтай матчтарға дайындыққа көңіл бөлемін», – деп қосты спортшы.

Александр Қазақстанмен қалыптасқан ерекше байланысы туралы да айтып, кәсіби мансабын дамыту үшін кезінде дәл осы елден қажетті қолдау тапқанын атап өтті.

«Кезінде мен қолдауға және қамқорлық көрсететін адамдарға мұқтаж жас жігіт болдым. Қазақстан маған осының бәрін берді. Алғашында бұл елге қонақ, шетелдік ретінде келдім. Кейін адамдармен және елмен байланысым нығая түсті. Қазақстанға жиі келе алмасам да, әрдайым мақтанышпен ораламын. Жанкүйерлермен кездесіп, олармен байланыс орнатуға тырысамын.
Мен Қазақстанды шын жүректен екінші үйім деп санаймын. Белгілі бір деңгейде әлі де шетелдік болып қалсам да, бұл елмен терең эмоционалдық байланысым бар. Осы сезімді өмір бойы сақтайтыныма сенімдімін. Қазақстан мен үшін әрқашан ерекше орын болып қала береді», – деді Бублик.

Almaty Open ATP 250 турнирінде Александр жекелей сынмен қатар жұптық бәсекеде де өнер көрсетеді. Оның серіктесі жас қазақстандық теннисші Жангар Нұрланұлы болады. Қазақстандық жұп турнир ұйымдастырушыларынан арнайы шақырту (wild card) алды.

Бублик Зангармен бұған дейін бірнеше рет бірге жаттыққанын айтып, оның ойын әлеуетін, мінезін және корттағы батылдығын жоғары бағалады.

«Зангар екеуміз аздап таныспыз, бірнеше рет бірге жаттықтық. Маған оның агрессивті ойын мәнері қатты ұнайды. Бірақ мен үшін оның қазіргі ойын стилі мен нәтижелерінен гөрі мінезі маңыздырақ. Меніңше, ол – алдына нақты мақсат қоя білетін жас спортшы. Оның корттағы спорттық өжеттілігі ұнайды.
Оның менімен бірге кортта өзін қалай ұстайтынын көру мен үшін маңызды болды. Жаттығуды бастаған сәттен-ақ оның мені таңғалдырғысы келетінін, өзінің де көп нәрсеге қабілетті екенін көрсеткісі келетінін сездім. Бірте-бірте өзіне деген сенімділігі арта түсті. Осындай жігер оны болашақта үлкен жетістіктерге жеткізуі мүмкін», – деп атап өтті Қазақстанның бірінші ракеткасы.

Almaty Open ATP 250 турнирінің жұптық сынындағы бірінші айналымда Бублик пен Нұрланұлы австралиялық Ринки Хидзиката мен Адам Уолтон жұбына қарсы ойнайды.

Ал жекелей сында Александр Бублик үшінші нөмірмен тіркеліп, жарысты екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы қазақстандық Тимофей Скатов пен венгриялық Фабиан Марожан арасындағы кездесудің жеңімпазы болады.

Almaty Open ATP 250 турнирінің негізгі кезең матчтары 19–25 қазан аралығында Almaty Arena спорт кешенінде өтеді. Бұл – Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі ATP 250 санатындағы жалғыз турнир.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie