2026 жылғы ҚПЛ қорытынды кестесі: кім төмендеді және кім еурокубоктарға жолдама алды
31 қазанда 2026 жылғы ҚПЛ маусымы аяқталды. Барлық 16 команда қорытынды, 30-тур аясындағы матчтарын өткізіп, оның нәтижесінде еурокубоктарға қатысатын командалар мен елдің жоғарғы дивизионынан кететін клубтар түпкілікті анықталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан чемпионы атанған шымкенттік «Ордабасы» біріншіліктің аяқталуына бір тур қалғанда-ақ бірінші орынды қамтамасыз еткен болатын. Келесі маусымда шымкенттік клуб ел намысын УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде қорғайды. Күміс жүлдені чемпионатты 65 ұпаймен аяқтаған алматылық «Қайрат» иеленді. Қола жүлде елордалық «Астанаға» бұйырды. «Қайрат» пен «Астана» Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалу жолындағы күрес те өте тартысты өтті. Қорытынды турдың нәтижесінде талдықорғандық «Жетісу» мен қызылордалық «Қайсар» турнир кестесінің соңғы сатыларына түсіп, Қазақстанның Бірінші лигасына жол тартты. Екі команда үшін де маусым сәтсіз болды. «Жетісу» чемпионат бойы қорғаныста елеулі қиындықтарға тап болса, «Қайсар» «Челсидің» бұрынғы футболшысы Виктор Мозесті дүркіретіп шақырғаннан кейін де турнирлік жағдайын түзете алмады. Дегенмен қызылордалық клуб үшін маусым әлі аяқталған жоқ. 7 қарашада «Қайсар» Қазақстан чемпионы «Ордабасымен» ел Кубогының финалында кездеседі.
Осы маусымда ғана Премьер-лигаға қайта оралған өскемендік «Алтай» элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды. Қорытынды турда команда «Қайратпен» 1:1 есебімен тең ойнап, 28 ұпай жинады және төменгі лигаға түсуден аман қалды.
