Ризабекке Чимаевпен айқаста жеңіс болжайды
Қазақстандық комментатор және ММА сарапшысы Арман Абдрахманов YouTube-арнасындағы A2 – Sports24kz подкастында қазақстандық еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның Real American Freestyle (RAF) халықаралық беделді лига аясында UFC-дің бұрынғы орта салмақтағы чемпионы Хамзат Чимаевқа қарсы мүмкін болатын жекпе-жегіндегі шансы туралы өз пікірін білдірді.
«Егер мұндай айқас өтсе, Ризабек жеңіске жетеді. Себебі бұл кездесулер еркін күрес ережесімен өтеді. Чимаев күресте мықты, оған дау жоқ, бірақ дәл олимпиадалық күресте оған оңай болмайды. Мұнда басқа ереже, басқа салмақ, бейімделу қиынға соғады. Мысалы, Арман Царукянды олимпиадалық еркін күрестің чемпионына қарсы қойса да, ол оған қарсы тұра алмайды», – деді Арман Абдрахманов.
Ризабек америкалық лигада алғашқы жеңісіне жетті.
Кеше қазақстандық Ризабек Айтмұхан АҚШ-тың Миссури штаты, Сент-Луис қаласында өткен Real American Freestyle (RAF) турнирінде өнер көрсетті. Жартылай ауыр салмақта ол америкалық Хайден Зиллмерді жеңіп, лигадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Хамзат тағы да жанжалдың ортасында.
Ал Хамзат Чимаевқа келсек, UFC-дің супержұлдызы АҚШ-тық Диллон Дэниспен аралық салмақта кілемге шықты. Бұл жекпе-жек жанжалға және жаппай төбелеске ұласты.