Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа маусымды Словакиядағы қоламен бастады
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Братиславада өткен Ондрей Непела мемориалында қола жүлдеге ие болды. ISU Challenger сериясына кіретін бұл турнир Қазақстан құрамасы көшбасшысының 2026 жылғы қысқы Олимпиададан кейінгі алғашқы ресми жарысы болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қысқа бағдарламадан кейін Шайдоров үшінші орында тұрды. Қазақстандық спортшы өз өнері үшін 95,98 ұпай жинап, Евгений Семененко мен италиялық Даниэль Грассльден кейінгі орынға жайғасты.
Еркін бағдарламада Михаил тағы 176,77 ұпай алып, үздік үштіктегі орнын сақтап қалды. Екі бағдарлама қорытындысы бойынша оның жалпы нәтижесі 272,75 ұпайды құрады.
Турнир жеңімпазы 292,09 ұпай жинаған Евгений Семененко болды. Күміс жүлде 278,80 ұпай еншілеген Даниэль Грассльге бұйырды. Осылайша қысқа бағдарламадан кейін қалыптасқан алғашқы үштік жарыс соңына дейін өзгерген жоқ.
Ондрей Непела мемориалы. Ерлер арасындағы қорытынды:
1. Евгений Семененко - 292,09
2. Даниэль Грассль - 278,80
3. Михаил Шайдоров - 272,75
Шайдоров үшін Братиславадағы жарыс Миланда өткен тарихи Олимпиададан кейінгі жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық старт болды.
2026 жылдың ақпанында Михаил Олимпиада ойындарының басты сенсацияларының бірін жасады. Қысқа бағдарламадан кейін ол 92,94 ұпаймен бесінші орында тұрған еді. Алайда еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, 198,64 ұпай жинады.
Екі бағдарлама қорытындысында Шайдоровтың нәтижесі 291,58 ұпай болды. Осы көрсеткіш оған Олимпиада чемпионы атануға мүмкіндік берді.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жапониялық Юма Кагияманы және Шун Сатоны артта қалдырды. Кагияма 280,06 ұпаймен күміс, ал Сато 274,90 ұпаймен қола жүлде иеленді.
Бұл жеңіс Қазақстан мәнерлеп сырғанау тарихындағы алғашқы Олимпиада алтыны болды. Бұған дейін елге осы спорт түрінен Олимпиада медалін Денис Тен әкелген - ол 2014 жылы Сочиде қола жүлде жеңіп алған еді.
Сонымен қатар Шайдоровтың жеңісі Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихындағы екінші алтын медаль болды. Бұған дейін Владимир Смирнов 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасында чемпион атанған.