«Үйдегі әлем чемпионатында алтын алғым келді»: Қайпанов Астанадағы күміс медаль туралы
Қазақстандық еркін күрес балуаны Нұрқожа Қайпанов Астанада өткен үйдегі әлем чемпионатындағы өнері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
74 келіге дейінгі салмақтағы «алтын» үшін белдесуде Қайпанов Ресей өкілі Иналбек Шериевке 4:10 есебімен жол берді.
«Бүгінгі белдесу мен үшін өте қиын болды. Жалпы, жарысқа толық дайын едім, бірақ өз мойныма тым үлкен жауапкершілік артып алған сияқтымын.
Әсіресе командаластарым жеңілгеннен кейін қосымша қысым сезіндім. Үйдегі турнирде «алтын» алып, Қазақстан халқын қуантқым келді. Алайда бүгін финалда ресейлік балуан мықтырақ болды.
Кілемге шыққан кезде маған өте ауыр болды. Жауапкершіліктің қысымы әсер еткен шығар, бірақ бір сәтте қол-аяғымды сезбей қалғандай болдым. Соған қарамастан, бұл жеңіліспен тоқтап қалмаймыз және жұмысымызды жалғастыра береміз. Алда бізді әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары күтіп тұр.
Алдағы уақытта да осы салмақта өнер көрсетемін. Бұл – осы салмақта күресіп жатқан қатарынан төртінші турнирім. Әлі де өз деңгейімді дәлелдеп, жаңа белестерді бағындыруым керек.
Туған жерде, өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету – мен үшін үлкен қуаныш. Осыдан жеті жыл бұрын Астанада өткен әлем чемпионатында да күміс медаль жеңіп алған едім. Бұл жолы да Қазақстан халқының ерекше қолдауын сезіндім. Барлық жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді», - деді Қайпанов.
Айта кетейік, күрестен үйдегі әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында бір күміс және төрт қола медаль бар.