Азиада күмісінен төрт күн өткен соң: Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатының алғашқы белдесуінде жеңілді
Қазақстан дзюдо құрамасының көшбасшыларының бірі Әбиба Әбужақынова Бакуде өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде күтпеген жерден жеңіліп қалды. 29 жастағы қазақстандық спортшы 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әбужақынованың алғашқы қарсыласы Түркия өкілі Мерве Азак болды. Белдесудің басында басымдық қазақстандық дзюдошы жағында еді - Әбиба ұпай алып, есепте алға шықты. Алайда кездесудің соңына қарай түркиялық спортшы жағдайды өзгерте алды. Азак сәтті әдіс жасап, артынша партерде шабуылын жалғастырып, белдесуді иппонмен аяқтады.
Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасының басты үміттерінің бірі жекелей сындағы алғашқы белдесуден кейін жарыстан шығып қалды. Бұл нәтиже Әбужақынованың бұған дейінгі әлем чемпионаттарындағы жетістіктерін ескерсек, күтпеген жағдай болды. Ол 2025 жылы әлем чемпионатының финалына дейін жетсе, 2022 және 2024 жылдары қола жүлде иеленген.
Бакудегі әлем біріншілігіне дейін Әбибаның демалуға және толық қалпына келуге уақыты аз болды. Небәрі төрт күн бұрын ол Жапонияда өткен Азия ойындарының финалында татамиге шыққан еді.
Азиада-2026 турнирінде қазақстандық дзюдошы жарысты Үндістан өкілі Асмита Дейді жеңуден бастады. Ширек финалдағы белдесу иппонмен аяқталды. Ал жартылай финалда Әбужақынова Қытай Тайбэйінің өкілі Линь Чэньхаоны «юко» ұпайымен жеңіп, қатарынан екінші Азия ойындарының финалына жолдама алды.
48 келіге дейінгі салмақтың шешуші белдесуінде Әбиба жапониялық Мицуки Кондомен кездесті. Финалда жеңіс алаң иесіне бұйырып, қазақстандық спортшы күміс медаль иеленді. Бұл Әбужақынованың Азия ойындарындағы қатарынан екінші күмісі болды. Бұған дейін ол Ханчжоудағы Азиадада да екінші орын алған еді.
Жапониядағы финалдан кейін Әбужақынова енді бірден әлем чемпионатына дайындалу керегін айтқан болатын. Сондай-ақ ол дайындық барысында партердегі күреске ерекше көңіл бөлгенін атап өткен.
Алайда бірнеше күннен кейін Бакуде өткен әлем біріншілігі мүлде басқа сценариймен аяқталды. Әбиба алғашқы белдесуінен аса алмай, жекелей сынмен ерте қоштасты.