locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Спартак» – «Барыс»: 4 қазандағы ҚХЛ матчын қайдан көруге болады

«Барыс» 4 қазанда Мәскеуде «Спартакпен» ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында кездеседі
«Спартак» – «Барыс»: 4 қазандағы ҚХЛ матчын қайдан көруге болады
ФОТО: Барыс ХК

Астаналық «Барыс» сырт алаңдағы сериясын Мәскеудің «Спартагына» қарсы матчпен жалғастырады. 4 қазанда өтетін кездесу екі команда үшін де ҚХЛ-дың осы маусымындағы 12-матч болмақ, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қарсыластар бұл ойынға әртүрлі көңіл күймен келіп отыр. «Барыс» екі күн бұрын «Нефтехимикке» қарсы қиын матчта жеңісті жұлып алды. Қазақстандық клуб 2:4 есебімен ұтылып жатқанымен, ойынды қосымша уақытқа жеткізіп, 5:4 есебімен басым түсті. Осы жеңіс Михаил Кравец шәкірттеріне сәтсіз серияны тоқтатуға мүмкіндік берді.

Ал «Спартакта» керісінше, сәтсіз кезең созылып кетті. Мәскеулік клуб 18 қыркүйектен бері жеңіске жеткен жоқ және қатарынан бес матчта - «Салават Юлаев», «Авангард», «Автомобилист», «Трактор» және «Металлургке» есе жіберді. Соңғы кездесуде қызыл-ақтар магнитогорскілік команда қақпасына шайба соға алмай, 0:2 есебімен жеңілді. Енді Алексей Жамновтың командасы қатарынан алтыншы жеңіліске жол бермеуге тырысады.

11 ойыннан кейін командалардың арасын небәрі бір ұпай бөліп тұр. «Барыстың» еншісінде 12 ұпай болса, мәскеуліктерде - 11. Оның үстіне астаналықтар шабуылдағы жақсы көрсеткішпен ерекшеленіп отыр: команда бір матчта орта есеппен 3,91 шайба соғады.

Қарсыластардың өзара кездесу статистикасы да тартысты ойын күтуге негіз береді. ҚХЛ аясында «Барыс» «Спартакты» 18 рет жеңсе, мәскеулік клуб 16 кездесуде басым түскен. Дегенмен Мәскеуде өткен соңғы үш матчтың барлығы қызыл-ақтардың пайдасына аяқталды.

Командалар Ресей астанасында соңғы рет 2026 жылдың ақпанында кездесті. Сол ойында «Барыс» екі шайба айырмасымен алға шыққанымен, «Спартак» матч барысын өзгертіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті.

Астаналықтар үшін алдағы кездесу үш матчтан тұратын сырт алаңдағы серияның соңғы ойыны болады. Ал «Спартак» өз алаңындағы бес матчтық сериясын аяқтайды.

«Спартак» – «Барыс» матчы Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады. Qazsport телеарнасындағы тікелей эфир 18:50-де басталады.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie