Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Азия ойындарында қысқа бағдарламада жақсы нәтиже көрсетті
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы Азия ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы қысқа бағдарлама аяқталды.
Михаил Шайдоров 76,65 ұпай жинап, төртінші орынға тұрақтады. Тағы бір қазақ спортшысы Диас Жиренбаев 65,56 ұпаймен сегізінші нәтиже көрсетті.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша жапондық Юма Кагияма көш бастады – 103,81 ұпай. Оңтүстік кореялық Ча Джун Хван екінші орында. Үздік үштікті қытайлық Дайвей Дай (82,89) түйіндеді.
Ертең, 13 ақпанда, спортшылар еркін бағдарламада бақ сынайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы Азия ойындарында 13 медаль жеңіп алды (3 алтын, 6 күміс, 4 қола) және жалпыкомандалық есепте төртінші орында тұр. Көш басында – 70 жүлдесі бар Қытай. Екінші орын Оңтүстік Кореяға (35 медаль), үшінші орын Жапонияға (21 медаль) тиесілі.
Харбиндегі Азия ойындары 14 ақпанда аяқталады. Ертең мұз айдынына Софья Самоделкина да шығады. Ол бұған дейін Қысқы Универсиадада қола жүлде еншілеп, Қазақстанға медаль сыйлаған болатын. Бұл жолы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетуге талпынады.