Қазақстандық еркін күрес шебері Қайпанов Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды
Қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық еркін күрес балуаны үндістандық Сагар Джагланға қарсы белдесті. Үшінші орын үшін болған кездесуде ол қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді.
Қайпанов белдесу басталысымен басымдыққа ие болып, бес ұпай еншіледі. Есеп 5:0 болғанда қазақстандық балуан қарсыласын жауырынымен түсірді. Осыдан кейін кездесу мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Жүлдеге жету жолында 28 жастағы еркін күрес балуаны пәкістандық Инаят Уллахты, оңтүстіккореялық Хан Дэ Гильді жеңді. Ал жартылай финалда қазақстандық балуан ирандық Юнес Эмамичогайдан жеңіліп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұхан Азия ойындарының жартылай финалына шыға алмады. 97 келіге дейінгі салмақтағы ширек финалда ол жапониялық Араш Ёсидадан жеңілді.
Еске салайық, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр.