«Жақсы сабақ» - сарапшы Ризабектің Азия ойындарындағы сәтсіздігін түсіндірді
Қазақстандық сарапшы әрі спорт комментаторы Данияр Кәрімжан Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұханның сәтсіз өнер көрсетуінің себептері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Айта кетейік, Қазақстанның еркін күрес тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында жапониялық Араш Ёсидаға лайықты қарсылық көрсете алмады. Белдесу Жапония өкілінің толық басымдығымен өтіп, 11:1 есебімен аяқталды.
«Ризабектің кілем иесі Араш Ёсидамен белдесуі өте ауыр болды. Ол - көптеген балуандарға, соның ішінде Ризабекке де өте қолайсыз қарсылас. Меніңше, Ёсида - келесі Олимпиадада алтын медальға басты үміткерлердің бірі. Әрине, Ризабектің Азия ойындарында медаль жеңіп ала алмағаны өкінішті. Бірақ бұл - жақсы сабақ. Жұмыс істейтін тұстар бар, жекелей дайындалуды қажет ететін қарсыластар бар, оларға қарсы күрестің тактикалық жоспарын басқаша құру керек. Өткен белдесулерді ескере отырып, әлем чемпионатына үш апта қалғанда бапкерлер штабының ойлануына жеткілікті негіз бар деп есептеймін. Бұл құрамның арасынан біреулер әлем чемпионатына қатысуы әбден мүмкін. Сол қарсыластар Астанадағы әлем чемпионатына да келуі ықтимал. Сондықтан қазір бұл белдесулерді мұқият зерттеп, талдау жасап, соған сәйкес әлем чемпионатына дайындалу қажет», - деді Данияр Кәрімжан.
Мұндай нәтиже алаңдаушылық туғызады, өйткені көп ұзамай Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл додада қазақстандықтардан жоғары нәтиже күтіледі, сондай-ақ қомақты жүлде қоры уәде етілген. Бұған дейін біз толығырақ жазғанымыздай, екі маңызды жарыстың қатар келуіне байланысты Қазақстанның күрес федерациясы мен бапкерлер штабы бейнелеп айтқанда, «Сцилла мен Харибданың арасынан өтуі» керек болады.