Қазақстан Азиада-2026-да екі түрлі спорттан қола медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Аичи мен Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында жүлде қорын толықтыруды жалғастырып жатыр. Қысқа уақыт аралығында ұлттық құрама бірден екі қола медаль жеңіп алды - артистикалық жүзу мен батутта секіруден, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алдымен Қазақстанға қола жүлдені Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова әкелді. Қазақстандық дуэт артистикалық жүзудегі жарыста 286,0826 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды.
Алтын медальді Қытай өкілдері Линь Яньцзюнь мен Сюй Хуэйян 322,8468 ұпаймен жеңіп алды. Екінші орын жапониялық Моэ Хига мен Томока Сатоға бұйырды - 291,7134 ұпай. Қазақстандық жұпты күміс жүлдеден 5,6308 ұпай бөліп тұрды.
Көп ұзамай Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль түсті. Ерлан Тасмарабетов батутта секіруден ерлер арасындағы суперфиналға шығып, шешуші кезеңде 54,69 ұпай жинады. Бұл нәтиже оған үшінші орын алуға мүмкіндік берді.
Жарыс жеңімпазы Қытай спортшысы Ян Ланьхой болды - 65,09 ұпай. Оның отандасы Ван Цзысай 63,83 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстан атынан сынға түскен тағы бір спортшы Роман Барков финалда сегізінші орын алып, суперфиналға өте алмады.
Осылайша Қазақстан бір жарыс бөлігінде-ақ екі түрлі спорттан екі қола жүлдемен медаль санын арттырды.
Бұл күн Қазақстан үшін таңертеңнен-ақ сәтті басталған еді. Жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева марафондық қашықтықтағы спорттық жүрісте жеңіске жетіп, ел қоржынына Азиада-2026-ның тоғызыншы алтын медалін салды. Ол 3:22:20 нәтижесімен мәреге бірінші жетіп, ең жақын қарсыласын төрт минутқа жуық уақытқа артта қалдырды.