Қазақстанның жаңа қорғаныс министрі спортпен де байланысты: оның сарбаздары әлем чемпионаттарында жүлде алған
27 қыркүйекте Айдос Мырзахметов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол екі жылдан астам уақыт Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштерін басқарды. Дәл осы кезеңде аталған бөлім әскери дайындықпен қатар армиялық спортта да бірқатар елеулі нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ашық дереккөздерде Мырзахметовтің өзі кәсіби спортпен айналысқаны немесе спорт шебері атағына ие болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Алайда ол басқарған жылдары Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыс пен әскери-қолданбалы спорт түрлеріндегі ірі жарыстарда тұрақты түрде жүлде алып жүрді.
Сарбаздары әлем чемпионатында жүлде алды
Ең ірі нәтижелердің бірі 2025 жылы Түркияның Бурса қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында тіркелді. Турнирге 32 елден 300-ден астам спортшы қатысты.
Қазақстанның Арнайы операциялар күштері сол жарыстан бірден үш медальмен оралды.
Аға сержант Арнат Наметов 62 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Сержант Аян Тұрсын 52 келіде күміс жүлде иеленсе, майор Вадим Федосеев 73 келіде қола медаль алды.
Кейін 2025 жылдың күзінде Ақтауда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында АОК өкілдері тағы да жүлдеге ілікті.
Лейтенант Дархан Жорағұл 97 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанса, сержант Азамат Асылбекұлы 88 келіде күміс медаль иеленді. Сол кезде Асылбекұлы Қазақстанның төрт дүркін чемпионы және армиялық қоян-қолтық ұрыстан ТМД чемпионы ретінде де белгілі болған.

Қазақстан чемпионатында тоғыз медаль
Нәтиже 2026 жылы да жалғасты.
Сәуірде Қарағандыда өткен қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатына шамамен 300 спортшы қатысты. Турнирде Арнайы операциялар күштерінің өкілдері тоғыз медаль - үш алтын, бір күміс және бес қола жеңіп алды.
Қазақстан чемпионы атанғандардың қатарында Аян Тұрсын, Жандос Мәдехиянов және Арнат Наметов болды.
Тағы алты әскери қызметші өз салмақ дәрежесінде жүлдеге ілікті. Осы жарыстың қорытындысы бойынша Азия чемпионаты мен Әлем кубогына қатысатын ұлттық құрама жасақталған.

АОК Қарулы күштер чемпионатында топ жарды
2026 жылдың жазында Мырзахметов басқарған бөлім тағы бір маңызды нәтижеге жетті.
Шілде айында Арнайы операциялар күштерінің командасы Қазақстан Қарулы күштері арасындағы әскери көпсайыс чемпионатында жеңіске жетті.
Жарысқа тоғыз команда қатысты. Әскери қызметшілер 100, 1000 және 3000 метрге жүгіру, кермеге тартылу, кедергілер жолағынан өту және граната лақтыру бойынша сынға түсті.
Жалпыкомандалық есепте Арнайы операциялар күштері бірінші орын алып, Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерін артта қалдырды.
Бұдан бөлек, майор Болат Өтегенов 40 жастан асқан әскери қызметшілер арасында жеке есепте үздік нәтиже көрсетті.

Физикалық дайындық бойынша да үздіктер қатарында болды
Мырзахметов басқарған Арнайы операциялар күштері Қарулы күштер спартакиадасының қорытындысында да жоғары нәтижесімен ерекшеленді.
Бөлім физикалық даярлық көрсеткіштері бойынша үздік әскери ұжымдардың қатарына кірді. Мырзахметовтің өзі де жақсы нәтиже көрсеткен әскери бөлімдерді басқарған командирлер қатарында аталды.
Оның тұсында Қазақстанның Арнайы операциялар күштері тарихында алғаш рет күрең берет кию құқығына арналған арнайы сынақтар да ұйымдастырылды.
Әскери қызметшілер марш-бросоктан өтіп, тау және су кедергілерінен өтуі керек болды. Бұған қоса олар атыс дайындығы, төзімділік және қоян-қолтық ұрыс техникасы бойынша сын тапсырды. Алғашқы сынақты 29 жауынгер сәтті аяқтады.
Осылайша жаңа қорғаныс министрінің спортпен байланысы ең алдымен өзі басқарған Арнайы операциялар күштерінің нәтижелері арқылы көрінеді. Мырзахметовтің тұсында АОК өкілдері әлем және Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, армиялық спорттағы ірі жарыстарда жүлде алды.
Жаңа министр туралы не белгілі?
Айдос Мырзахметов 2002 жылы Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери академиясын тәмамдаған. 2026 жылдың мамырында оған генерал-майор әскери атағы берілді. 27 қыркүйекте ол Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Бұл қызметте Мырзахметов Дәурен Қосановты алмастырды. Қосановтың қызметтен босатылуы Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін болды. 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты.