locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Аида Әбикеева Азия ойындарынан сенсациялық түрде шығып қалды

Әлемнің екі дүркін чемпионы ширек финалда қытайлық Ли Шуға есе жіберді
@boxingkazakhstan

Қазақстандық боксшы Аида Әбикеева Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. 65 келіге дейінгі салмақтағы ширек финалда әлемнің екі дүркін чемпионы Қытай өкілі Ли Шуға есе жіберді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Аида Әбикеева Азия ойындарындағы жарысын бірден ширек финалдан бастады. Жеребе қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы 1/8 финал кезеңін өткізіп алды. Оның қарсыласы бұған дейін турнирде бір жекпе-жек өткізіп үлгерген қытайлық Ли Шу болды. 1/8 финалда Ли Шу Непал өкілі Кусунг Тамангты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.

Алғашқы раунд Ли Шудың басымдығымен өтті. Қытайлық боксшы белсендірек қимылдап, Аида Әбикееваға бірнеше пәрменді соққы жасады. Бұл төрешілердің хаттамасында да көрініс тапты: бес төрешінің төртеуі бірінші раундта Қытай өкіліне басымдық берді. Екінші раундта да қазақстандық боксшы үшін жағдай өзгермеді. Бұл кезеңде де Ли Шу басым түсті — төрешілердің хаттамасы бойынша есеп 3:2. Сонымен қатар, екі боксшы да ескерту алды.

Шешуші раундта Әбикеева ереже бұзғаны үшін қосымша бір ұпайға жазаланды. Бұл жекпе-жектің соңында оның жағдайын одан әрі қиындата түсті.

Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Қытай өкіліне берді. Ли Шу жекпе-жекте көпшілік дауыспен жеңіске жетті. Төрешілердің хаттамасы: 27:27, 29:25, 29:25, 28:26, 29:25. Осылайша, Аида Әбикеева Азия ойындарындағы өнерін аяқтап, турнир медалінен қағылды.

Әбикеевадан жеңіліс Қазақстан құрамасы үшін ауыр соққы болды. Былтыр Аида IBA және World Boxing нұсқалары бойынша екі әлем чемпионатында жеңіске жетті. Сондықтан ол Азия ойындарына команданың басты үміттерінің бірі ретінде келген еді.

Ли Шу — 2026 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Әбикеевадан жеңгеннен кейін Қытай өкілі жартылай финалға шықты. Финалға жолдама үшін ол Үндістаннан келген Парвинмен кездеседі. Үндістандық боксшы өз жекпе-жегінде Өзбекстан өкілі Навбахор Хамидованы 5:0 есебімен жеңді.

Айта кетейік, Әбикеевадан жеңіліс Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы бокс турниріндегі бесінші жоғалтуы болды. Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Оразбек Асылқұлов, 80 келіге дейінгі санатта Сабыржан Аққалыков, 54 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай және 60 келіге дейінгі санатта Виктория Графеева жарысты аяқтаған еді. Қазақстанның әйелдер құрамасы үшін Әбикеева турнирден шығып қалған үшінші спортшы болды.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie