Айбек Оралбайдың Азиада-2026-дағы алғашқы жекпе-жегі: қашан және қайдан көруге болады
Қазақстан бокс құрамасының капитаны Айбек Оралбай 27 қыркүйекте Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 додасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық боксшы 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түседі. Жеребе бойынша Оралбай алғашқы айналымды өткізіп, жарысты бірден ширек финалдан бастайды.
Айбек Оралбай кіммен кездеседі?
Қазақстандықтың қарсыласы - Қырғызстан өкілі Мырзакир Кошалиев.
Қырғыз боксшысы турнирде бір жекпе-жек өткізіп үлгерді. Ол 1/8 финалда Түрікменстан өкілі Довлет Исламовты төрешілердің шешімімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Кошалиев - 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы және U23 санатындағы құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері.
Ал Айбек Оралбай Азиадаға Қазақстан құрамасының негізгі көшбасшыларының бірі ретінде келді. Ол 2025 жылы әлем чемпионы атанып, бұған дейін Азия чемпионаттарында да бірнеше рет топ жарған.
Бұл жекпе-жектің жеңімпазы жартылай финалға өтіп, кем дегенде қола медальді қамтамасыз етеді.
Жекпе-жек нешеде басталады?
Айбек Оралбай мен Мырзакир Кошалиев арасындағы кездесу 27 қыркүйек күні сағат 15:00-де, Қазақстан уақытымен басталады.
Жекпе-жектің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасынан көруге болады.
Айбек Оралбай Қазақстанның ерлер құрамасынан Азиада-2026-да алғашқы жекпе-жегін өткізетін соңғы боксшы болады.
Оған дейін Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Нұрбек Оралбай, Оразбек Асылқұлов және Сабыржан Аққалықов рингке шығып үлгерді.
Махмұд Сабырхан алғашқы кездесуінде Иран өкілі Мехди Каземиді 5:0 есебімен жеңіп, екі рет нокдаунға жіберді. Нұрбек Оралбай да Ауғанстан өкілі Силаб Нуриді 5:0 есебімен ұтып, ширек финалға өтті.
Алайда ерлер құрамасы екі боксшысынан айырылып үлгерді. Сабыржан Аққалықов 80 келіге дейінгі салмақта, ал Оразбек Асылқұлов 60 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалдан өте алмады.