Астанадағы KIDS’ ATHLETICS 2026 шарасына 200 қатысушы жиналды
Астанада KIDS’ ATHLETICS 2026 спорттық-білім беру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
2026 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласындағы №45 жалпы білім беретін мектепте KIDS’ ATHLETICS 2026 спорттық-білім беру іс-шарасы өтті. Бағдарламаның оқыту бөліміне дене шынықтыру пәнінің 140-қа жуық мұғалімі қатысса, командалық жарыстарға 60 оқушы қатысты.
Kids’ Athletics — балаларды ойын және командалық жаттығулар арқылы жеңіл атлетикамен таныстыратын халықаралық бағдарлама. Оның негізгі мақсаты — жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттау, балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын дамыту және осы спорт түріне бейімі бар оқушыларды анықтау.
- Сондай-ақ оқыңыз: Астанада үстел теннисінен беделді халықаралық турнир басталды
Семинар барысында бағдарламаның сертификатталған лекторы Дамир Абулев мұғалімдерге Kids’ Athletics әдістемесін таныстырып, практикалық шеберлік сабағын өткізді. Педагогтер балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық жаттығуларды ұйымдастыру тәсілдерін меңгерді. Бұл білімді дене шынықтыру сабақтарында және мектептердегі спорттық іс-шараларда қолдануға болады. Ал оқушылар арасындағы командалық жарыстар бағдарламаның практикалық жалғасына айналды. Ойын тапсырмалары балалардың жылдамдығы мен ептілігін, сондай-ақ бірлесіп әрекет ету және бір-біріне қолдау көрсету қабілетін дамытуға бағытталды.
Іс-шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуандық Ескермесұлы қатысты. Бағдарлама марапаттау рәсімімен аяқталды.
Айта кетейік, Kids’ Athletics жобасы Қазақстанда биыл сәуір айында басталып, мамыр айының соңына дейін елдің алты өңірін қамтыды. Маңғыстау және Атырау облыстарында, сондай-ақ Орал, Шымкент және Тараз қалаларында семинарлар, дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған шеберлік сабақтары мен балалар арасындағы жарыстар өткізілді.
Жазғы демалыстан кейін Астанада қайта жалғасқан жоба кезеңі мектеп ортасында жеңіл атлетиканы дамытуға, балаларды тұрақты дене белсенділігіне тартуға және жас спортшыларды бастапқы іріктеу жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.