Астанада үстел теннисінен беделді халықаралық турнир басталды
Астанада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 беделді халықаралық турнирі басталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Турнир 15-20 қыркүйек аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Қазақстан астанасында өтетін жарыста әлемнің 29 елінен келген 160 спортшы бақ сынайды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құрайды.
15 қыркүйекте өткен WTT Star Contender Astana 2026 турнирінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Астанадағы жарыста Қазақстан намысын отандық жетекші спортшылар, соның ішінде Кирилл Герасименко, жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, Зауреш Акашева және Сарвиноз Миркадырова қорғайды.
Айта кетейік, WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирі World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген. Сондай-ақ Қазақстанда үстел теннисінен мұндай деңгейдегі жарыс алғаш рет өтіп жатыр.