Жанжал: Алматы соты Токтарға айыппұл салды
Қазақстандық танымал MMA файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтар келеңсіз жағдайға тап болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Kazinform хабарлағандай, файтер қоғамдық ортада балағат сөз қолданғаны үшін айыппұл арқалады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (МАӘС) оны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша, яғни қоғамдық орында былапыт сөз қолданғаны үшін кінәлі деп таныды.
Оқиға Астанада IBA Nomad халықаралық турнирі аяқталғаннан кейін бірден болды. Сол жарыста Тоқтар Бобиржон «Испанчик» Исроиловты нокаутпен жеңіп, жарқын жеңіске жеткен еді. Жекпе-жегінен кейінгі баспасөз мәслихатында Еркебұлан Өзбекстан файтері Огабек Абдумуминовпен сөзге келіп қалып, оның атына балағат сөздер айтты.
Жақында Қазақстан Республикасының заңнамасы әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер мен трансляциялар кезінде былапыт сөз қолдануға тыйым салып, мұндай әрекетті қоғамдық орында балағат сөз айтуға теңестірді.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқтар әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек ұйымы — UFC өкілдерімен алдағы кездесуі туралы айтып берген еді.