locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Шавкат қайта оралады: оның UFC-дегі соңғы жекпе-жегі қандай болды

Шавкат Рахмонов октагонға оралуға бір табан жақындап келеді
Шавкат қайта оралады: оның UFC-дегі соңғы жекпе-жегі қандай болды
ФОТО: Getty images

Шавкат Рахмонов UFC октагонына екі жылға жуық уақыт шыққан жоқ. Дегенмен соңғы кездері оның қайта оралуы туралы әңгіме жиілей түсті. Қазақстандық спортшы әлеуметтік желіге жаттығу сәттерін жариялап, алдымен «19-0 vs 19-0», кейін «2027» деген жазба қалдырды.

ММА жанкүйерлері бұл ишараны эквадорлық Майкл Моралеспен байланыстырып отыр. Оның да кәсіби рекорды - 19 жеңіс, 0 жеңіліс. Моралес бұған дейін Шавкатты өзі үшін ең қызықты қарсыластардың бірі деп атап, тіпті қазақстандықты титулдық жекпе-жек алдындағы «дивизионның финалдық боссы» деп сипаттаған.

Әзірге UFC бұл кездесуді ресми түрде жариялаған жоқ. Сондықтан жекпе-жек бекітілді деуге ерте. Дегенмен Рахмоновтың 2027 жылдың басында октагонға оралуы мүмкін екені жиі айтылып жүр.

Егер бұл жоспар жүзеге асса, Шавкат 2024 жылғы 7 желтоқсаннан бері алғаш рет жекпе-жек өткізеді. Дәл сол күні ол UFC 310 турнирінде мансабындағы ең ұзақ әрі ең ауыр кездесулердің бірін өткізген еді.

Sports24.kz Шавкаттың соңғы жекпе-жегі қалай өткенін еске түсіреді.

Жеңілмеген екі файтердің шайқасы

Бастапқыда Рахмонов сол кездегі чемпион Белал Мұхаммадпен титул үшін жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда америкалық спортшы денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Оның орнына Шавкаттың қарсыласы Иэн Мачадо Гэрри болды.

Ол кезде екі спортшы да кәсіби мансабында жеңіліп көрмеген. Рахмонов октагонға 18-0, ал ирландиялық 15-0 рекордымен шықты.

Жекпе-жек толық бес раундқа созылды.

Алғашқы минуттардан-ақ екі файтер аса тәуекелге бармай, бір-бірінің осал тұсын іздеді. Шавкат клинчте белсендірек көрініп, қарсыласын торға қысып жұмыс істеді. Үшінші раундта Гэрри стойкада қарқынын арттырса, төртінші бес минуттықта Рахмонов қайта басымдықты өз қолына алды.

Қазақстандық үшін ең қауіпті сәт бесінші раундта болды. Гэрри Шавкаттың арқасына шығып, қылқындыру әдісін жасауға тырысты. Алайда Рахмонов қиын жағдайдан шығып, позицияны өзгерте алды және соңғы гонгқа дейін кездесуді бақылауда ұстады.

Төрешілердің үшеуі де жеңісті қазақстандыққа берді - 48:47, 48:47, 48:47.

Осылайша, Шавкат кәсіби рекордын 19-0-ге жеткізді.

Бұл жекпе-жектің тағы бір ерекшелігі болды. Бұған дейін Рахмонов барлық 18 жеңісін мерзімінен бұрын аяқтаған еді - сегіз нокаут және он сабмишн. Иэн Гэрри қазақстандықпен бес раунд толық өткізіп шыққан алғашқы қарсылас атанды.

ФОТО: Getty images

Шавкат жарақатына қарамастан октагонға шыққан

Кейінірек сол кездесудің қаншалықты ауыр жағдайда өткенін Рахмоновтың өзі айтып берді.

Оның сөзінше, Гэрримен жекпе-жекке дейін тізесінде айтарлықтай мәселе болған. Мениск пен айқас байламы зақымданып, аяғы ісінгеніне қарамастан, ұзақ үзілістен кейін тағы да жекпе-жекті кейінге қалдырғысы келмеген.

«Мен мұндай жарақатпен Иэн Гэрриге қарсы мүлде шықпауым керек еді. Бірақ тәуекелге бардым. Өйткені ұзақ уақыт жекпе-жек өткізбеген едім және қайтадан октагонға шыққым келді», - деген еді Рахмонов.

Жеңістен кейін қазақстандық титулдық мүмкіндік алуы тиіс болған. Алайда денсаулығы тағы да кедергі келтірді. Қалпына келу кезеңі созылып, кейін жарақаты қайта асқынып, тағы бір операция қажет болды.

Соның салдарынан Шавкат бүкіл 2025 жылды өткізіп алды және 2026 жылы да жекпе-жекке шыға алмады.

Соңғы айларда жағдай өзгере бастады. Рахмонов қайта толыққанды жаттығуға кірісіп, күрес пен спаррингті біртіндеп қосты. Енді оның өзі де келесі қарсыласына қатысты ишара жасап жүр.

ФОТО: Getty images

19-0 қарсы 19-0?

Майкл Моралеспен ықтимал жекпе-жек екі файтердің мінсіз рекордына байланысты ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Шавкаттың көрсеткіші - 19 жеңіс, 0 жеңіліс. Оның жетеуі UFC-де келген. Моралес те кәсіби мансабында 19-0 рекордына ие және UFC-де қатарынан жеті рет жеңіске жеткен.

Егер промоушен оларды шынымен бір октагонға шығарса, екі спортшының бірінің жеңіліссіз сериясы тоқтайды.

Әзірге ресми келісім жоқ. Бірақ қазақстандық жанкүйерлер үшін ең маңыздысы - ұзақ уақыт бойы тек жарақаты мен оңалтуы туралы айтылып келген Шавкаттың есімі енді қайтадан UFC-дегі жекпе-жекпен байланыстырыла бастады. Ал «Номад» соңғы рет октагонға шыққанда, ауыр тізе жарақатына қарамастан, жеңіліп көрмеген қарсыласпен бес раунд өткізіп, жеңісті бәрібір өз еншісінде қалдырған еді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie