«Мен әрдайым ханшайым болып қаламын»: Мирра Андреева WTA қорытынды турниріндегі жеңісі үшін берілетін Mercedes көлігіне қатысты жоспарын айтты
WTA рейтингінде үшінші орында тұрған ресейлік теннисші Мирра Андреева Индиан-Уэллсте (АҚШ) өтетін WTA-2026 қорытынды турнирінде жеңіске жеткен жағдайда Mercedes-Benz SL 55 көлігін ұтып алу мүмкіндігіне әзілмен пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жарыстың жартылай финалында америкалық Джессика Пегуланы жеңгеннен кейін, матчтан соң сұхбат алған жүргізуші Андреевадан ықтимал жүлде үшін жүргізуші куәлігін алуға ниетті-ніетсіз екенін сұрады.
«Миллион долларлық сұрақ, дәлірек айтсам, бірнеше миллион долларлық сұрақ. Линда (Носкова) мен Элина (Святолина) арасындағы матчты көресің бе, әлде жүргізуші куәлігін алу үшін DMV-ге (көлік құралдары департаментіне) барасың ба? Жаңа Mercedes-Benz SL 55 көлігін алуға бір-ақ қадам қалды! Бірақ оған куәлік керек!» - деді жүргізуші ресейлік теннисшіге.
Андреева күліп, шешуші матчқа дейін жүргізуші куәлігін алып үлгеруі екіталай екенін мойындады. Алайда куәлігінің жоқтығы көлікті тамашалауына кедергі болмайды.
«Жүргізуші куәлігін бір түнде алып үлгеру оңай деп ойламаймын. Бірақ көлік маған бұйырса, командамда мені алып жүре алатын бес адам бар. Мен жолаушы орындығында әрдайым ханшайым болып қала беремін! Жоспарым да дайын: алдымен Cheesecake Factory-ге, содан кейін In-N-Out-қа барамын, одан соң... Қайда болса да бәрібір: жігіттер, бір жерді ұсыныңдар, мені апарып тастайды», - деп жауап берді Андреева.
14 қарашадан 15 қарашаға қараған түні Индиан-Уэллсте WTA-2026 қорытынды турнирінің жартылай финалдық матчтары аяқталды. Мирра Андреева әлемнің бесінші ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездесіп, екі сетте 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ресейлік теннисші турнир барысында бірде-бір сетте жеңілмей, шешуші матчқа жолдама алды.
Оның финалдағы қарсыласы WTA рейтингінде алтыншы орында тұрған украиналық теннисші Элина Святолина болады. 32 жастағы украиналық жартылай финалда Чехия өкілі Линда Носковаға (WTA рейтингінде №8) 6:2, 6:1 есебімен сенімді түрде басым түсті. Кездесу небәрі 65 минутқа созылды.
Айта кетерлігі, теннисшілер биылғы қорытынды чемпионаттың топтық кезеңінде де өзара ойнаған. Ол кезде Андреева 6:4, 6:0 есебімен ойсырата жеңген еді. Содан кейін Святолина қатарынан үш кездесуде жеңіске жетіп, финалға шықты және қарымта қайтару мүмкіндігіне ие болды.
Украиналық үшін алдағы шешуші матч WTA қорытынды турниріндегі мансабындағы үшінші финал болмақ. Ол 2018 жылы чемпион атанса, 2019 жылы финалда австралиялық Эшли Бартиге есе жіберді. Андреева мен Святолинаның жеке кездесулеріндегі есеп — ресейлік теннисшінің пайдасына 2-1.
2026 жылғы WTA қорытынды турнирінің финалы АҚШ-та жергілікті уақытпен 15 қарашада өтеді. Қазақстан уақытымен матч 16 қарашаға қараған түні, сағат 01:00-ге жоспарланған.