Петтистің ақшасын бермеді ме? Адиль Боранбаевпен жекпе-жектің бұзылуы туралы жаңа мәліметтер
UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтис пен қазақстандық Адиль Боранбаев арасындағы жекпе-жек турнир күні түбегейлі бұзылды. Инсайдерлердің мәліметінше, америкалық файтерге жұмаға дейін төлеуге уәде етілген гонорар берілмеген, осыдан кейін Петтис кері ұшақ билетін сатып алып, октагонға шығудан бас тартқанын Sports24.kz хабарлайды.
Алматыда өткен ORDA Global Fights дебюттік турнирінің басты жекпе-жегі – Энтони Петтис пен Адиль Боранбаев арасындағы айқас өтпейтін болды. Бұл кездесу 6 маусым кешіндегі басты оқиға әрі Қазақстандағы соңғы уақыттағы ең жарқын ММА-жекпе-жектердің бірі болуы тиіс еді.
Кеше екі спортшы көз арбасты, ал турнирге деген қызығушылық дәл осы бұрынғы UFC чемпионын қатысуы арқасында айтарлықтай артты. Алайда шоу күні Петтис жекпе-жектен бас тартатынын мәлімдеді.
Бұған дейін америкалық спортшы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, промоушен тарапынан келісімшарттағы міндеттемелердің орындалмауын бас тарту себебі ретінде көрсеткен. Петтис Қазақстанға толық дайындықпен, жарақатсыз келгенін, салмақ өлшеу талабын орындағанын және жергілікті жанкүйерлер алдында өнер көрсетуге дайын болғанын атап өтті.
Енді жағдай жаңа сипат алды. Инсайдерлер мәліметінше, мәселе гонорардың төленбеуінен туындауы мүмкін. Ақпарат бойынша, Петтиске жұмаға дейін ақша аударылуы тиіс болған, алайда ол орындалмаған. Осыдан кейін ММА-ның америкалық ардагері кері билет сатып алып, Қазақстаннан кетіп қалған деседі.
Петтистің өзі бұл шешімге оңайлықпен келмегенін айтты. Ол қазақстандық жанкүйерлерге ерекше алғыс білдіріп, елге немесе жанкүйерлерге ешқандай өкпесі жоқ екенін жеткізді.