OCTAGON басшысы Петтиспен болған дауға қатысты пікір білдірді
Қазақстандық танымал спорт функционері және OCTAGON жекпе-жек лигасының басшысы Нураддин Садықов UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтистің ORDA Global Fights турниріндегі жекпе-жегі өтпей қалған дауға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар Қазақстандағы бүкіл жекпе-жек индустриясына ауыр салдар әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
ORDA Global Fights дебюттік турнирі төңірегіндегі дау қазақстандық спорт қоғамында әлі де қызу талқылануда. UFC-дің экс-чемпионы Энтони Петтис пен қазақстандық Әділ Боранбаев арасындағы жекпе-жек өтпей қалғаннан кейін бұл жағдайға OCTAGON лигасының басшысы Нураддин Садықов пікір білдірді.
Бұған дейін Петтис ұйымдастырушылар тарапынан келісімшарт міндеттемелері орындалмағандықтан жекпе-жекке шықпайтынын мәлімдеген еді. Инсайдерлердің ақпараты бойынша, америкалық файтердің уәде етілген гонорары уақытында төленбеген, осыдан кейін ол кері билет алып, турнирге қатысудан бас тартқан.
- Сондай-ақ оқыңыз Pettis-пен болған даудан кейін ORDA Global Fights турнирі тоқтатылды
Осы жағдайға байланысты Нураддин Садықов «Жауапсыздықтың бағасы» атты эмоционалды пікірін жариялады. Оның айтуынша, қуатты промоушен құруға жылдар, мол ресурс пен халықаралық серіктестердің сенімі қажет.
Садықов Қазақстанда жылдар бойы кәсіби жекпе-жек индустриясын құру және елдің әлемдік аренадағы оң имиджін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Промоушен құрасың, жылдар бойы оны әлемдік деңгейдегі лигаға айналдыру үшін еңбек етесің. Елде тұтас индустрия қалыптастыруға күш саласың, ойынды анықтайтын америкалықтармен сенімді қарым-қатынас орнатасың, мемлекеттің халықаралық аренадағы оң имиджін қалыптастырасың», – деп жазды Садықов.
Сонымен қатар Садықов кәсіби жекпе-жек әлемінің негізгі ережелерін түсінбейтін промоутерлерге қатысты қатты сын айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер тек бір турнирге немесе ұйымға ғана емес, Қазақстанның жалпы беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
«Кейін "промоутерлер" табылады, олар бұл ойынның қарапайым ережесін түсінбейді. Олай істеуге болмайтынын ескерткенде құлақ аспайды. Соңында тек өз беделін ғана емес, бүкіл елдің беделін қатерге тігеді. Өкінішті…» — деп қосты Садықов.
ORDA Global Fights айналасындағы жағдай соңғы уақытта қазақстандық ММА үшін ең үлкен даулардың біріне айналды. Бұл турнир жаңа лиганың алғашқы шоуы болып, бұрынғы UFC чемпионының қатысуымен жарқын дебют жасауға тиіс еді, алайда басты тақырып жекпе-жек емес, оның тоқтатылуы болды.