locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Өзбекстанға 2026 жылғы әлем чемпионатында ерте шығып қалу болжануда

Аналитиктер Фабио Каннавароның командасының плей-оффқа шығу мүмкіндігі ең төмендердің қатарында екенін айтады
Өзбекстанға 2026 жылғы әлем чемпионатында ерте шығып қалу болжануда
Өзбекстанға 2026 жылғы әлем чемпионатында ерте шығып қалу болжануда

Өзбекстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатында топтан шығу мүмкіндігі ең төмен он команданың қатарына енді. Football Meets Data аналитикалық компаниясының есебінше, өзбекстандықтардың плей-оффқа өту ықтималдығы 31,8% құрайды, деп хабарлайды Sports24.kz.

2026 жылғы әлем чемпионаты басталғанға дейін Өзбекстан құрамасы ғаламдық футбол додасындағы тарихи дебютіне қарқынды дайындық жүргізіп жатыр. Дегенмен, сарапшылар әзірге Фабио Каннаваро шәкірттерінің мүмкіндіктерін сақтықпен бағалап отыр.

Football Meets Data компаниясы алдағы мундиальдің топтық кезеңіне модельдеу жүргізіп, плей-оффқа шығу мүмкіндігі ең төмен командалардың тізімін жариялады. Бұл тізімде Өзбекстан да бар.

Сарапшылардың есебінше, Өзбекстан құрамасының топтық кезеңнен өту ықтималдығы 31,8%. Бұл — әлем чемпионаты қатысушылары арасында төменнен алтыншы көрсеткіш.

Өзбекстаннан төмен орналасқан құрамалар: Ирак, Гаити, Кюрасао, Иордания және Панама. Football Meets Data нұсқасы бойынша, ең төменгі мүмкіндік Иракта — бар болғаны 15,4%. Гаитиде — 15,6%, Кюрасаода — 19,4%, Иорданияда — 20,9%, Панамада — 27,3%.

Топтан шығу ықтималдығы ең төмен ондыққа сондай-ақ Тунис, Сауд Арабиясы, Кабо-Верде және Катар енді. Олардың мүмкіндігі сәйкесінше 35,8%, 35,9%, 36,4% және 39,8% деп бағалануда.

Өзбекстан ұлттық құрамасы үшін алдағы мундиаль — тарихтағы алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Команда алғаш рет дүбірлі додаға жолдама алып, енді ғаламшардың ең мықты құрамалары арасындағы дебютқа қызу дайындық жүргізуде.

Кеше Өзбекстан Канадамен жолдастық кездесу өткізіп, 0:2 есебімен ұтылды. Бұл матч команда үшін әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігі әрі болашақтағы азулы қарсыластармен ойын алдындағы маңызды сынақ болды.

Келесі бақылау кездесуін Өзбекстан ұлттық құрамасы 8 маусымда Нью-Йоркте өткізеді. Фабио Каннаваро шәкірттері Нидерландымен кездеседі. Бұл матч та алдағы әлем чемпионаты алдындағы кезекті сынақ болмақ.

Аналитиктердің болжамы аса үмітті болмаса да, Өзбекстан үшін әлем чемпионатына жолдама — тарихи жетістік. Енді команда алдындағы басты міндет — турнир дебютанты ретінде топтық кезеңнен өтуге қабілетті екенін дәлелдеу.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie