Макгрегор келесі жекпе-жегін мансабындағы соңғы айқас деп жариялады
Аралас жекпе-жек шебері, ирландиялық Конор Макгрегор келесі жекпе-жегінен кейін мансабын аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы UFC-тің бұрынғы чемпионы әлеуметтік желілерде хабарлады, деп жазады Sports24.kz.
Макгрегордың мұндай мәлімдеме жасауына мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің Кристиан Мбиллиді жеңуі себеп болды.
Макгрегор турнирдің коммерциялық көрсеткіштеріне пікір білдіріп, қаралым саны, көрермендердің қатысуы және билет сатылымынан түскен табыс бойынша жекпе-жек әлемінің басқа жұлдыздарынан асып түсе алатынын айтты.
«Канелоның жекпе-жегі қанша қаралым жинады? Аренада қанша көрермен болды? Касса түсімі қанша? Мен сатылым бойынша бұл адамдардың барлығынан да асып түсемін. Оның үстіне, өте үлкен айырмашылықпен. Олардың әрқайсысынан. Ешқандай күш жұмсамай-ақ. Бәлкім, барлығын қосқандағы көрсеткіштен де асып түсермін. Келесі жекпе-жегімді насихаттауға шынымен күш саламын. Бұл менің соңғы жекпе-жегім болады. Қандай көрсеткішке жете алатынымызды көрейік. Өз рекордтарымды жаңартуды жалғастыра беремін», - деп жазды ирландиялық.
Макгрегор сондай-ақ өзінің алдыңғы жекпе-жегі футболдан әлем чемпионатының жартылай финалымен қатар өткеніне қарамастан, үлкен қызығушылық тудырғанын еске салды. Жекпе-жек шеберінің айтуынша, келесі жолы ол өз өнерін насихаттауға бұдан да көп күш салып, жаңа рекордтар орнатуға ниетті.
Ирландиялықтың соңғы жекпе-жегі 11 шілдеде Лас-Вегаста өткен UFC 329 турнирінде болды. Макгрегор америкалық Макс Холлоуэймен кездесті, алайда ирландиялық аяғынан жарақат алғаннан кейін айқас 69-секундта-ақ аяқталды.
Бұл Макгрегордың бес жыл үзілістен кейін октагонға алғаш шығуы еді. Кейін спортшы ота жасатқанын және қалпына келгеннен кейін жекпе-жектерге оралуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Жекпе-жек шеберінің алдын ала бағалауынша, оңалту кезеңі шамамен бір жылға созылуы мүмкін.
Осылайша, Макгрегордың оралуы 2027 жылдан ерте болмайды деп күтілуде. Бұл ретте оның қарсыласы мен келесі жекпе-жегінің нақты күні әзірге жарияланған жоқ.