Асу Алмабаев жеңілістен кейін UFC рейтингінде екі сатыға төмендеді
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев (24-4) промоушендегі екінші жеңілісінен кейін UFC-дің ең жеңіл салмақтағы жаңартылған рейтингінде екі сатыға төмендеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұйымның ресми сайтында жарияланған Meta UFC Rankings жаңартылған нұсқасына сәйкес, Алмабаев алтыншы орыннан сегізінші орынға сырғыды. Оның алдын жапониялық Кёдзи Хоригути (37-6, 1 NC) орап, алтыншы орынға көтерілді, ал Ирак өкілі Әмір Әлбази (17-3) жетінші сатыға жайғасты.

Еске сала кетейік, 21 қарашада Катардың Доха қаласында өткен UFC Fight Night 294 турнирінде Алмабаев Хоригутимен кездесті. Жекпе-жек толық қашықтыққа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жапониялық спортшының пайдасына аяқталды: 30-27, 30-27, 29-28.
32 жастағы қазақстандық үшін бұл UFC-дегі екінші, ал кәсіби мансабындағы төртінші жеңіліс болды. 2025 жылдың наурызында ол үшінші раундта техникалық нокаутпен Манель Капеге жол берген еді. Осыдан кейін Алмабаев қатарынан үш жеңіске жетті, алайда Хоригутимен айқаста жеңісті сериясын жалғастыра алмады.
Енді қазақстандықтың UFC-дегі рекорды — жеті жеңіс және екі жеңіліс. Ең жеңіл салмақ дәрежесінің қазіргі чемпионы — америкалық Джошуа Ван (17-2).