locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Елена Рыбакина әлемдік рейтингте көш бастағаны үшін WTA-ның арнайы жүлдесін алды

Қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Елена Рыбакина әлемдік рейтингте көш бастағаны үшін WTA-ның арнайы жүлдесін алды
ФОТО: WTA

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуіне орай арнайы жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Sports24.kz.

WTA Нью-Йорк төрінде арнайы трофеймен түскен Рыбакинаның суреттерін жариялады. Күміс түсті теннис добы мен жұлдыз бейнесінде жасалған бұл жүлде әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген теннисшілерге табысталады.

Қазақстан теннисі үшін тарихи жетістік

14 қыркүйекте Рыбакина ресми түрде WTA рейтингінің бірінші сатысына көтерілді. US Open-2026 турнирінен кейін қазақстандық теннисшінің еншісінде 9901 ұпай болды.

Осылайша, ол 99 апта бойы көш бастап келген Арина Соболенконы екінші орынға ығыстырды. Беларусь теннисшісінің еншісінде 7875 ұпай бар.

Рыбакина WTA рейтингі тарихында әлемнің бірінші ракеткасы атанған 30-шы теннисші болды. Сонымен қатар ол жекелей сында мұндай жетістікке жеткен Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды.

№191-орыннан әлемдік рейтингтің шыңына дейін

Рыбакинаның бұл биікке жету жолы сегіз жылға созылды. 2018 жылы Қазақстан атынан өнер көрсете бастаған кезде Елена әлемдік рейтингте 191-орында тұрған.

Одан кейін ол жыл сайын нәтижесін жақсартып, үздіктер қатарына қосылды. Бірнеше жыл бұрын әлемдік рейтингтің үшінші сатысына дейін көтерілсе, 2026 жылы көптен күткен бірінші орынға қол жеткізді.

US Open бәрін шешті

US Open алдында Рыбакина әлемдік рейтингте екінші орында тұрған еді. Бірінші орынға шығу үшін қазақстандық теннисші Нью-Йорктегі турнирде қажетті кезеңге дейін жетуі керек болды.

Алайда Елена мұнымен шектелген жоқ. Ол финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде басты қарсыласы Арина Соболенконы үш сетте - 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді.

Бұл жеңіс Рыбакинаға мансабындағы алғашқы US Open титулын және үшінші «Үлкен дулыға» жүлдесін әкелді.

Енді Нью-Йорктегі тарихи жеңістің қатарына тағы бір ерекше сәт қосылды - Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атануына орай WTA-ның арнайы трофейін алды.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie