Елена Рыбакина US Open жеңісінен кейінгі басты мақсатын атады
Елена Рыбакина US Open турниріндегі жеңісінен кейін мансабындағы келесі үлкен мақсатын атады. WTA рейтингінің көшіне шыққан қазақстандық теннисші төрт «Үлкен дулыға» турнирінің барлығында топ жаруды көздеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазір Рыбакинаның еншісінде төрт басты турнирдің үшеуіндегі чемпиондық атақ бар. Ол 2022 жылы Уимблдонда жеңіске жетсе, 2026 жылы Australian Open мен US Open турнирлерінің кубогын иеленді. Енді оның коллекциясында тек «Ролан Гаррос» жетіспейді.
Рыбакина мансаптық «Үлкен дулығаны» жинау алдағы жылдардағы негізгі мақсаттарының біріне айналғанын жасырмады.
«Мен үшін бұл өте үлкен жетістік болар еді. Төрт түрлі «Үлкен дулыға» турнирінде, әртүрлі төсеніште жеңіске жету - кез келген теннисші үшін биік белес. Мұндай нәтижеге қол жеткізгендер көп емес. Сондықтан бұл - менің келесі мақсаттарымның бірі. Командаммен бірге осы бағытта жұмыс істеп, алдағы бірнеше жылда оған қол жеткізуге бар күшімізді саламыз», - деді Рыбакина.
Нью-Йорктегі жеңіс Еленаның мансабындағы тағы бір маңызды белесті бағындыруына мүмкіндік берді. US Open-дегі чемпиондық оған үшінші түрлі «Үлкен дулыға» титулын әкеліп қана қоймай, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілуіне жол ашты.
Енді Рыбакина үшін басты сын сазды кортта болмақ. «Ролан Гаррос» - қазақстандық теннисші әлі жеңіп көрмеген жалғыз «Үлкен дулыға» турнирі.
Егер Елена Парижде де чемпион атанса, мансаптық «Үлкен дулығаны» толық жинайды. Яғни Australian Open, «Ролан Гаррос», Уимблдон және US Open турнирлерінің барлығында әр жылдары жеңіске жеткен теннисшілер қатарына қосылады.