Спорттық арбитраждық сот Ресей құрамасын әлемдік хоккейге қайтаруға міндеттеді
Спорттық арбитраждық сот (CAS) Ресей хоккей құрамаларының халықаралық жарыстарға қатысуына қатысты істі қарап, шешім шығарды, деп хабарлайды Sports24.kz.
CAS Ресей хоккей федерациясының (ФХР) талаптарын қанағаттандырып, Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) кеңесінің Ресей құрамаларының ұйым қамқорлығындағы турнирлерге қатысуына кедергі келтірген бес шешімінің күшін жойды.
Сот қаулысына сәйкес, IIHF Ресей құрамаларын 2026/27 маусымындағы жарыстарға қатыстыруға міндетті. CAS шешімі түпкілікті болып саналады және оған шағым беруге болмайды.
Бұл шешім туралы Ресей спорт министрі Михаил Дегтярев хабарлады. Оның айтуынша, енді ұлттық құрамалардың әлемдік аренаға оралуын қамтамасыз ету үшін халықаралық федерациямен бірлескен жұмыс жүргізілуі керек.
Сонымен қатар IIHF ұйымы CAS үкіміне көңілі қалғанын білдірді. Федерация бұрынғы шектеулерді жарысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және турнирлердің тұтастығын сақтау үшін әлі де қажет деп санайтынын мәлімдеді. Алайда федерация сот қаулысын орындайтынын растады.
CAS шешімі бес турнирге қатысты: 2027 жылғы ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионаттары, жастар арасындағы әлем чемпионаты (20 жасқа дейін), сондай-ақ 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы жасөспірімдер біріншіліктері.
Сонымен бірге сот Ресей құрамаларының қай тудың және қандай рәміздердің астында өнер көрсетуі керектігін анықтаған жоқ. Бұл ұйымдастырушылық мәселелерді IIHF әлі де реттеуі тиіс.
Еске салайық, Ресей құрамалары 2022 жылдан бері халықаралық хоккей жарыстарынан шеттетілген.