«Бұл — үлкен тактикалық қателік»: бапкер Алмабаевтың Хоригучиден жеңілуінің үш себебін атады
Қазақстандық файтер Асу Алмабаев (24-4) Катардың Доха қаласында өткен UFC Fight Night турнирінде жапониялық Киодзи Хоригучиден (36-6) жеңіліп қалды. Жекпе-жек төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Хоригучидің жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жекпе-жектен кейін кәсіби Saq Pro Team командасының бас бапкері Даулет Нұрланұлы Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында Алмабаевтың жеңілуіне себеп болған үш жайтты атады. Бұған дейін қазақстандық файтермен бірге жұмыс істеген маман таңдалған тактиканы сынап, қарсыласының қысымымен жұдырықтасу кезінде Асуның қиналғанын атап өтті және оның бапкерлер штабы қабылдаған кейбір шешімдерге күмән келтірді.
«Асу кімнің айтқанын тыңдарын білмеді»
Нұрланұлы жеңілістің бірінші себебі ретінде жекпе-жекке арналған жоспардың дұрыс таңдалмағанын атады. Оның айтуынша, раундтар арасындағы үзілісте Алмабаевтың командасы оған бір-біріне қайшы нұсқаулар берген. Бұл файтердің әрекетіне қажетті түзетулер енгізуіне кедергі келтіруі мүмкін еді.
«Асуның жеңілуіне себеп болған үш жайтты байқадым. Біріншіден, жекпе-жек жоспары дұрыс таңдалмады. Бұрыштағы жігіттердің не айтқанын мұқият тыңдадым. Санжар Әділов бір нәрсені ұсынса, бас бапкер мүлде басқа бағытты айтып, күреске көбірек мән беруді талап етті. Раундтар арасындағы үзілісте Асуның реакциясына қарасаңыз, оның кімнің айтқанын тыңдарын білмегендей көрінді», - деді Нұрланұлы.
«Хоригучи қысым жасай бастағанда, Асу сәл абдырап қалды»
Маман жеңілістің екінші себебі ретінде Алмабаевтың қарсыласының қысымымен жұдырықтасуда қиналғанын атады. Нұрланұлы қазақстандықпен бірге жаттыққан кезде де осындай мәселелерді байқағанын айтты.
«Қарсыласының соққыларынан кейін Асу сәл шегініп, жақындауға именді. Онымен бірге жұмыс істеген адам ретінде қарсыласы белсенді түрде қысым жасап, қыспаққа алғанда оған жайсыз болатынын түсінемін әрі білемін. Мұны спаррингтер кезінде де байқағанбыз. Бұл жолы да Хоригучи белсенді қысым жасай бастағанда, жекпе-жектің кей сәттерінде Асу сәл абдырап қалғандай болды. Жиі шегініп, мүмкін, өз мүмкіндігін толық көрсете алмады», - деп атап өтті маман.
Нұрланұлы Алмабаевтың дене бітімінің ерекшеліктеріне де назар аударды. Оның пікірінше, көп жылдық күрес дайындығы қазақстандық файтердің бойында белгілі бір қимыл дағдыларын қалыптастырған, ал бұл тік тұрып жұдырықтасқанда қиындық тудыруы мүмкін.
«Асуның дене бітімі, антропометриялық көрсеткіштері мен жақсы дамыған арқа бұлшықеттері күреске өте қолайлы. Дәлірек айтқанда, оның денесі күреске әбден бейімделген. Көп жыл күреспен айналысқандықтан, денесін тік ұстау әдеті қалыптасқан. Меніңше, бұл кейбір соққы алмасу сәттерінде арақашықтықты дұрыс сезініп, шабуыл жасауға туған мүмкіндіктерді пайдалануға кедергі келтіреді. Асу лапада өте жақсы жұмыс істейді, бірақ шынайы жекпе-жекте қарсыласы белсенді қысым жасай бастағанда, осындай ерекшеліктері айқынырақ байқалады», - деп түсіндірді бапкер.
«Үстінен жатып алуды ғана ұсынды — бұл үлкен тактикалық қателік»
Нұрланұлы жеңілістің үшінші себебі ретінде Алмабаевтың бұрышындағы әрекеттерді атады. Маманның пікірінше, оның өкілдері партерде позициялық бақылаудың маңызын асыра бағалаған.
Сарапшының ойынша, бапкерлер штабы қарсыласты партерде ұстап тұруға шамадан тыс мән беріп, Хоригучидің төменгі позициядан жасаған соққыларының тиімділігін ескермеген.
«Үшіншіден, секунданттардың біліктілігі жеткіліксіз болғаны әсер еткен болуы мүмкін. Олардың нұсқауларына қарағанда, қарсыласты партерде ұстап тұрсақ, жеңіс біздікі болады деп ойлаған.
Әр раунд арасында: "Әрі қарай ұстап тұр, үстінен жата бер" деген нұсқауларды естідік. Бірақ бұл — үлкен тактикалық қателік. Әсіресе тиімді соққылар мен келтірілген зақымға үлкен мән берілетін қазіргі ММА-да.
Егер сен үстіңгі позицияда болсаң, ал қарсыласың төменнен саған соққы жасап жатса, мұндай жағдайдың өзі төрешілер бағалауында басымдыққа кепілдік бермейді. Ал қарсыласты толық бейтараптандырып, оған тиімді шабуыл жасауға мүмкіндік бермесең, онда басқа әңгіме.
Төрешілерге арналған бірнеше семинарға қатысып, бұл жайттарды егжей-тегжейлі талқыладым әрі сұрақтар қойдым. Сондықтан бұрыш тарапынан төрешілердің бағалау өлшемдерін түсінуде белгілі бір қателіктер болды деп есептеймін», - деді Нұрланұлы.
«Асуның қайтадан жоғары деңгейге оралатынына сенемін»
Дайындық пен тактикалық шешімдерді сынағанына қарамастан, Нұрланұлы Алмабаев жеңілістен дұрыс қорытынды шығарып, UFC-дің ең жеңіл салмақ дәрежесіндегі жетекші орындарға қайта жақындай алатынына сенім білдірді.
«Осының бәріне қарамастан, Асу сәтсіздіктерден кейін әрдайым мықты болып оралады. Сондықтан ол қателіктерін түзетіп, қайтадан жоғары деңгейге шыға алады деп ойлаймын. Ол үшін бойында бәрі бар: жекпе-жекке деген жоғары интеллект, мінез, еңбекқорлық және ісіне кәсіби көзқарас. Сондықтан Асу дивизионының элитасына қайта оралатынына сенемін», - деп түйіндеді Нұрланұлы.