ҚХЛ: «Лада» — «Барыс» матчын тікелей эфирде қайдан көруге болады
16 қыркүйек, сәрсенбі күні Тольяттиде Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында жергілікті «Лада» мен астаналық «Барыс» арасында матч өтеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Лада» — «Барыс» кездесуі Қазақстан уақытымен 20:00-де басталады. Матчтың тікелей трансляциясын «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.
Ойын алдында екі команда да төрт ұпайдан жинаған. Алайда «Лада» астаналық клубқа қарағанда екі матч артық өткізді.
Тольятти клубы қатарынан төрт жеңілістен кейін алдыңғы кездесуінде сәтсіз сериясын үзді. Команда өз алаңында Минскінің «Динамосын» 4:2 есебімен жеңді.
«Барыс» соңғы матчында өз мұз айдынында «Амурдан» 1:3 есебімен жеңілді. Оған дейін астаналықтар «Сибирьді» (7:1) және «Салават Юлаевты» (8:6) ірі есеппен жеңген еді.
«Ладамен» кездесуден кейін «Барыс» сырт алаңдағы сериясын жалғастырып, «Металлург», «Локомотив» және Мәскеудің «Динамосымен» ойнайды.