«Барыс» ҚХЛ тарихына енді
«Барыс» хоккей клубы жаңа маусымның тұрақты чемпионатындағы алғашқы матчта «Сибирьді» ірі есеппен жеңгеннен кейін Құрлықтық хоккей лигасының тарихына енді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Астаналық клуб жаңа маусымдағы алғашқы ойында «Сибирьді» 7:1 есебімен тас-талқан етті. Бұл нәтиже ҚХЛ тарихындағы маусымның алғашқы матчтарындағы ең ірі жеңістердің топ-3 тізіміне енді. Михаил Кравец шәкірттері 2013 жылы «Медвешчактың» ЦСКА-ны 7:1 есебімен жеңген нәтижесін қайталады.
Айта кетерлігі, лигадағы рекордтың авторы – 2013 жылы «Юграны» 10:1 есебімен ойсырата жеңген «Барыстың» өзі.
ҚХЛ тарихындағы маусым басындағы ең ірі жеңістердің топ-3 тізімі:
- «Барыс» — «Югра» — 10:1 (2013 жыл);
- «Медвешчак» — ЦСКА — 7:1 (2013 жыл);
- «Барыс» — «Сибирь» — 7:1 (2026 жыл).
Кравец шәкірттері келесі матчын да Астанадағы өз алаңында өткізеді. 9 қыркүйек күні Астана уақытымен 19:00-де олар Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдайды.
Еске салайық, өткен маусымның қорытындысы бойынша «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне шыға алмады.